Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары спорт инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер бар. Бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалмай, алға жылжуымыз керек», – деді Тоқаев.
Президент футболды дамыту үшін оның коммерциялануын жеделдету қажет екенін айтты.
«Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды. Яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайды. Әлемдік тәжірибе осыны көрсетіп отыр. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев жасанды интеллект дәуірінде мәдениет пен өнердің дамуына ерекше мән берілетінін айтты. Ол тиісті инфрақұрылымды салып, қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіруге уәде берді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытып жүрген өнер қайраткерлері құрметке лайық, мемлекет оларға қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Бірақ өнер адамдары да жаңа заман талабына бейімделіп жұмыс істеуі тиіс.