Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Сабыржан Аққалықов Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатындағы жеңілісінен кейін жанкүйерлерге мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен 1/8 финалда ол украиналық Павло Илюшаға тартысты жекпе-жекте төрешілер шешімімен 3:2 есебімен жол берді.
«Бұл чемпионат мен үшін аяқталды. Бір жерде жеткілікті дайындық болмады, бір жерде өзімді көрсете алмадым... Сондықтан айтар артық сөзім жоқ. Ал спортты сырттан сынап отырғандарға айтарым – ауыздарыңызды жапқандарыңыз жөн. Біз қалай жаттығамыз, қанша уақыт жақындарымызды көрмей жүретінімізді, қаншама қан мен тер төгетінімізді білмейсіздер. Бәрі де көк байрағымызды биікте желбірету үшін жасалады. Көпшілік тек нәтиженің өзін көреді: жеңсең даңққа бөленесің, жеңілсең бір сәтте ең жаманына айналасың. Бірақ спорт деген – осындай. Ол ешқашан алдын ала болжанбайды. Бүгін чемпион болсаң, ертең қарапайым қатысушы болып қалуың мүмкін», – деп жазды Аққалықов Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Сондай-ақ ол кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп, екеуінде де нокаутпен жеңіске жеткен (2-0, 2 КО).