Футболшыны стадионнан жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті
Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында «Қайрат» пен «Ақтөбе» кездесуі алматылықтар үшін күтпеген оқиға болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ойынның 13-минутында негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Оның орнын 18 жастағы Шерхан Қалмырза басты.
Матчтың 10-минутында Анарбеков допты қағып алмақ болғанда қарсылас ойыншысымен соқтығысты. Оған алаңда бірден медициналық көмек көрсетіліп, шамамен 20 минуттан соң жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қақпашының жағдайы туралы пікір білдірді:
«Менің білуімше, Темірланның жақ сүйегі сынған. Біраз уақыт командаға көмектеспейді. Ол алдағы Чемпиондар лигасы мен 2025 жылғы Премьер-лига ойындарына қатыса алмайды», – деді ол.
Айта кетейік, Анарбеков жуырда УЕФА Чемпиондар лигасындағы «Селтикке» қарсы ойында жанкүйерлерді тәнті еткен болатын. Ол пенальти сериясында бес соққының үшеуін қайтарып, «Қайраттың» топтық кезеңге шығуына жол ашты.
Соған қарамастан, алматылықтар негізгі қақпашысынсыз-ақ «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға ие болды.
Жас қақпашы Шерхан Қалмырза сенімді ойын көрсетіп, қақпасын голсыз сақтап қалды.