×

«Балаларым үшін үш жерде жұмыс істедім». Ағайынды чемпиондар Сабырхандардың әкесі шындығын айтты

«Балаларым үшін үш жерде жұмыс істедім». Ағайынды чемпиондар Сабырхандардың әкесі шындығын айтты
Фото: Qaz365.kz

Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандардың туған ауылы Шымкенттің іргесіндегі Маятас елді мекенінде екі күннен бері үлкен қуаныш. Қос чемпионның ата-анасы  Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында балаларының жеңісіне қалай қуанғандарын айтып берді.

Бір күнде екі ұлы әлем чемпионы болған Айдархан Сабырханның қуанышында шек жоқ. Жігіт ағасы спортшыларды өсіру үшін жұмыс талғамадым дейді. Бүгінде әлемді мойындатқан оғландардың жағдайын жасаймын деп үш бірдей жерде жұмыс та істеген. Айдархан Сабырхан бұл жарыста әсіресе, Төреханға жанкүйер болғанын жасырмайды. Теледидарға кіріп кетуге шақ қалдым деген Махмұд мен Төреханның әкесі 19 жастағы ұлының қарсыластары осал болмады дейді. Тәжірибелі боксшылармен жұдырық түйістіргеніне қарамастан жеңіске жеткенінде көз жасына ерік беріпті.

«Жылқы бағып жүретінбіз. Малағын алу үшін шелекке салып алып, кетіп бара жатып-ақ әр 10 метр сайын жаттығу жасап отыратын. Қырға қарай бара жатып 15 рет, ары қарай тағы жүгіріп 20 рет итерілу жасайтын. Осылайша жаттығуын үдете беретін. Төрехан да ағасының істегенін қайталап, бірге жүгіретін. «Мен чемпион боламын» деп қырдың үстінен сайға қарай өршелене жүгіретін», - дейді әкесі.

Чемпиондар отбасында 5 баланың барлығы бір-біріне қамқор. Анасының айтуынша, Англияда атой салып, ақтық сынға жолдама алған боксшыларды қолдауға туған-туыс түгел жиналған. Алайда өзі жүрегі дауаламай, көрші бөлмеде тілекші болғанын жеткізді.

«Махмұд бір сыдырғы, мінезі жайлы. Ал, Төрехан ақкөңіл. Оның барлық жағынан энергиясы тасып тұрады. Төрехан мектеп қабырғасында оқып жүргенде жан-жақты еді. Жігіт сұлтаны болсын, спорттан жарыстар болсын барлығына қатысатын. Өзі кішкентайынан мінезіне қарай шығар, әйтеуір еркелеу де болды. Махмұдқа сендік. Ол барлық жерде сенімімізді ақтап жүрген бала. Төреханға да сендім. Бірақ, жас қой деп уайымдадым. Әр сөйлескен сайын мама мен жеңіп келемін. Мен алтын алып келемін деп өзіне сенімді түрде айтатын. Махмұд жеңгенде Қазақстанға екі алтын түсті деп қуанып жатсам, өзі керуетте жатып «Мама мен қазір тағы бір алтын аламын деп «беймарал жатты». Мен осы уақытқа дейін балаларымның жеңісіне қатты қуанамын, толқимын. Алайда жылаған емеспін. Екеуінің бауырмашылдықтарын көріп, сол жерде көзімнен жас шықты», - дейді анасы Меңтай Асылова.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →