Бокстан Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан күні кеше туған жеріне оралды. Әуежайдан түскен боксшыны Qaz365.kz тілшісі де қарсы алып, толғандырған сауалдарын қойды.
«Баршаңызға рахмет! Аллаға шүкір, мен ғана емес, бауырым да әлем чемпионы болып келе жатыр. Бұл тек екеуіміздің ғана емес, Қазақстанның, бүкіл команданың жеңісі. Бізді кішкентайымыздан дайындаған Ілияс Оралбек ағамызға алғыс айтамын. Үйде дұға тілеп отырған ата-анама рахмет. Федерация басшылығына – Батыр аға мен Қанат ағаға, сондай-ақ бізге хабарласып, қолдау білдірген Шымкент қаласының әкіміне де ризамын. Енді мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда Азия ойындары, Астанада өтетін әлем чемпионаты бар. Алла қаласа, ол жерде де чемпион атанып, Олимпиадаға лицензия алуға тырысамыз. Басты мақсатымыз – ағайынды Сабырхандар болып, Олимпиада чемпионы атану», – деді Махмұд Сабырхан.
«Бұрын басқа салмақта ойнағанда қарсыластарым ірілеу болатын, күшім жетпей жүрді. Кешегі чемпионатта өзімнің табиғи салмағымда жұдырықтастым. Қарсыласқа еш мүмкіндік бермей, бес жекпе-жектің бәрін де жеңдім. 55 келі – менің салмағым. Осы салмақта Олимпиада чемпионы болғым келеді», – деді ол.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасына 57 келіде қатысқан. Сол кезде көпшілік боксшыға бұл салмақ қиынға соққанын айтқан. Ал 51 келіде Олимпиадаға Сәкен Бибосынов барған. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың айтуынша, қазіргі кезде 55 келіде Махмұд Сабырхан көшбасшы, Сәкен Бибосынов екінші нөмірлі боксшы.
«Біріншіден, қазақ халқына алғысым шексіз. Бізді қолдап, дұға тілеп отырған халықтың демеуі бізге күш берді. Рингте ағам жанымда болды, мен одан есепті сұрадым. Ол: «Бәрі керемет, Тәтөш, алға!» – деді. Сол сәтте сындырамын деп шештім. Бұл жеңіс тек менікі емес, ағамның, ата-анамның еңбегі. Солардың дұғасының арқасында әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткіздім деп ойлаймын», – деді Төрехан Сабырхан.