×

УЕФА 18 жастағы қазақ қақпашысын Чемпиондар лигасының үздік тізіміне енгізді

Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) «Қайрат» қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның сейвін Чемпиондар лигасы ойын күніндегі үздіктердің бірі деп атады

УЕФА 18 жастағы қазақ қақпашысын Чемпиондар лигасының үздік тізіміне енгізді
Ашық дереккөзден

УЕФА-ның баспасөз қызметі жариялаған жазбада жазылушылардан ұсынылған сейвтердің қайсысы үздік екенін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматылық қақпашының «Спортингпен» өткен тарихи матчтың бесінші минутында жасаған сейві үздік бестікке енді.

Айта кетейік, Қалмұрзадан бөлек үздіктер тізіміне «Галатасарайдың» түрік қақпашысы Угурджан Чакир, «Наполиден» Ваня Милинкович-Савич, «Ньюкаслдың» қақпашысы Ник Поуп және Шерханға қарсы алаңға шыққан «Спортингтің» қақпашысы Жуан Виржиния да енді. Соңғысы қазақстандық Дастан Сатпаевтың соққысынан кейін португалдарды құтқарып қалды.

Еске салсақ, Шерхан – ресми түрде «Қайраттың» үшінші қақпашысы. Ол негізгі құрамға Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алған соң шықты.

«Спортингке» қарсы кездесу Шерхан үшін тек Чемпиондар лигасындағы дебют емес, сонымен қатар ересектер арасындағы старттық құрамда өткізген тұңғыш ойыны болды.

Ойын басталған сәтте Қалмұрзаның жасы 18-де, 96 күн еді. Осы көрсеткіш оған Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас үш қақпашының қатарына енуге мүмкіндік берді.

Қазақ футболшысы Еуропаның басты турнирінде атақты Икер Касильястан (18 жас 118 күн) және Давид де Хеадан (18 жас 327 күн) ертерек алаңға шықты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →