Жас дарын иесін марапаттау рәсіміне қақпашының анасы да арнайы шақырылды
Алматылық «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза ерекше құрметке ие болды. Оған белгілі кәсіпкер Ұлықбек Шарипов заманауи Exeed автокөлігін сыйға тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жас дарын иесін марапаттау рәсіміне қақпашының анасы да арнайы шақырылды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл сыйлық Шерханның еңбегіне, табандылығына және Қазақстан футболының болашағына сенім ретінде жасалған.
Еске сала кетсек, жас қақпашы Чемпиондар лигасында мадридтік «Реалға» қарсы ойында ерекше көзге түсіп, қазақстандық жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген болатын. Оның бірнеше сенімді сейві ел арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде кең тарады.
Сонымен қатар, УЕФА Чемпиондар лигасының ресми Instagram аккаунтында жарияланған үздік сейвтердің қатарында да Қалмырзаның шеберлігін көруге болады. Атап айтқанда, Килиан Мбаппенің соққысын қайтарған сәті үздік төрт сейвтің қатарына енді. Қазіргі таңда мобильді қосымша арқылы жанкүйерлер үздік сейвке дауыс бере алады, ал Шерхан 57% көрсеткішпен көш бастап тұр.
Айта кетейік, «Реалдың» және Бельгия құрамасының атақты қақпашысы Тибо Куртуа да жас қазақстандық әріптесінің ойынына назар аударып, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Шерхан Қалмырзаны ерекше атап өткен болатын.