2025 жылдың 5 қазанында Алматы ипподромында “Ұлы Дала Ойындары” фестивалі өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы ипподромы сол күні Ұлы Даланың күш-қуаты, ептілігі мен рухын тоғыстырған алаңға айналады. Ипподромда ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлерді жаңғыртуға және насихаттауға бағытталған мәдени-спорттық мереке ұйымдастырылады.
Фестивал сағат 10.00-де басталады. Кіру тегін.
Бас аренада қонақтарды еліміздің үздік шабандоздарының көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, бәйге (Аламан, Құнан) сайыстары күтеді.
“Бәйге” сайысындағы жүлде қоры 5 миллион теңге. Бұл фестивалдегі басты күтілетін оқиға. Сайыста жылдамдық, төзімділік пен шеберлік сыналады. Фестиваль аясында қазақ күресі, асық ату, қол күресі, салмақ көтеру, садақ ату секілді ұлттық және күш сайыстары өткізіледі. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлердің еңбектері ұсынылатын этно-жәрмеңке ұйымдастырылады.
Қонақтар теріден, ағаштан, металдан және киізден жасалған бұйымдарды, дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтарды тамашалайды. Мәдени дәстүр иелерімен тікелей байланыса алады.