Белгілі кәсіпкер әрі меценат Тұрсын Алагөзов алматылық «Қайрат» футбол клубының ойыншыларына заманауи екі жаңа автобус сыйға тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы кәсіпкердің жары Баян Алагөзова Instagram парақшасында жазды.
Баян Алагөзованың айтуынша, бұл сыйлық – жұбайының спортқа деген қолдауы мен отандық футболдың дамуына қосқан үлесі. Автобустар команда сапарының жайлылығын арттырып, ойыншылардың дайындық деңгейіне оң әсерін тигізбек.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы күніне орай Тұрсын Алагөзов жасаған тосын мәлімдеме спорт жанкүйерлерінің назарын аударған болатын. Кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі үндеуінде 10 күннен кейін өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы көптен күткен кездесуге тоқталып, команда жеңіске жеткен жағдайда ерекше сый жасайтынын жеткізді.
«Алматы күні – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Мен де барша қазақстандық патриоттар секілді сүйікті шаһарымыздың туған күнін атап өтудемін. Ал дәл он күннен кейін еліміздің басты мақтанышы – «Қайрат» әлемнің ең мықты клубтарының бірі «Реал Мадридпен» жасыл алаңға шығады.
Елімнің азаматы ретінде әрі туған күнімнің қарсаңында мен мынадай уәде бергім келеді: егер «Қайрат» жеңіске жетсе, алаңға шыққан әрбір ойыншыға автокөлік сыйлаймын.
Алматы – әлемнің астанасы, «Қайрат» – чемпион!» – деді кәсіпкер.