×

Бибісара Асаубаева: Жансая Әбдімәліктің тұрмысқа шығып, тамақ пісіргені дұрыс

«Әркім өзі үшін» деген ұғымды базбіреулер кейде «бәріне түкіргенім бар» деп түсінеді

Бибісара Асаубаева: Жансая Әбдімәліктің тұрмысқа шығып, тамақ пісіргені дұрыс
prosports.kz

Делидегі  Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әйелдер арасындағы Гран-Придің үшінші кезеңіне қатысып жатқан блиц-шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікке қатысты тосын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тағы оқыңызӘбдімәлік: Асаубаеваның шылғи өтірігі мен екіжүзділігіне қарамастан, қабылданған шешімге өкінбеймін

Бұған Жансая Әбдімәліктің турнирдің ашылуына бір сағат қалғанда аяқасты жарысқа қатысудан бас тартуы себеп болған. Бибісараның айтуынша, Жансая Әбдімәлік «ұйымдастырушылар дұрыс қарсы алмады» деген желеумен жарысқа қатыспауды ұйғарған. 

Шахмат, бұл әрине, жекелеген спорт түрі. Бірақ жеке спорт пен жеке адам болу әртүрлі нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген ұғымды базбіреулер кейде «бәріне түкіргенім бар» деп түсінеді. Өкініш немесе жай ғана кешірім сөзді әдептілікке жатқызуға бола ма?
Мұндай адамдар айналасындағыларға өтірік айтқан кезде қандай әдептілік болуы мүмкін. Бәлкім, шындықты бүркемелеу – бұл ең әуелі өзін шахматшы екенін ұмытып кеткен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби қасиеті болса керек. Бірақ қанша кісімсінсе де, кез келген кәсіпқой адам үшін кешірілмейтін нәрселер бар. 
Жансая және он бір шахматшы (ішінде мен де бармын) кеше Делиде болдық. Онда маңызды жарыс күтіп тұрды. Гран-при. Алайда ол «ұйымдастырушылар дұрыс қарсы алмады» деген желеумен жарысқа қатыспауды ұйғарды.
Мұнысы ақылға қонымсыз тірлік. Жарыстың ашылуына бір сағат қалғанда әуежайда екенін, ұшып кететінін телефон арқылы әріптесіне хабарлаған. Содан кейін біз шұғыл жиналыс жасап, не істерімізді білмей жанұшырып жатқанда, ол алаңсыз қонақ үйді аралап жүр.
Басқа спортшылар жалғыз-жарым жүргенде, Жансаяның қасынан жігіті бір елі қалмай еріп жүрді.
Бұл ретте, кейбір шахматшылар осы Гран-при үшін басқа чемпионаттарға қатысудан бас тартқан еді, енді мүлде қиын жағдайға тап болды.
Шылғи өтірікке толы бір сәттік ашу-ызаның салдарынан жарыс жолынан шығып қалу қаупі туындады. Жеме-жемге келгенде бір адамның ойдан шығарылған өтірігімен барлығына нүкте қойыла жаздады, – деді Асаубаева. 

Тағы оқыңыз: «Қатемді мойындауға дайынмын»:  Бибісара Асаубаева кешірім сұрады

Асаубаеваның пікірінше, Жансая Әбдімәліктің бұл әрекеті спортқа жат қылық.

Әрине, жергілікті ұйымдастырушыларға көптеген сұрақ қойылады. Бірақ Жансаяға қойылар сауал одан да көп. Орынсыз эмоциясына, мінез-құлқына, әріптестеріне, жалпы өмірге көзқарасына, кәсіпқойлығына деген күмән көп. 
Спортшылар кез келген форс-мажор жағдай мен қиындыққа дайын болуы керек, егер бірдеңе дұрыс болмаса, қыңқылдап, берілмеуі керек. Егер Жансая сияқты әрбір ұсақ-түйекке мән берсе, онда спортты қойып, тұрмысқа шығып, тамақ пісіргені дұрыс. Тіпті, жігіті де дайын екен, көзбен көрдік қой, – деп жазады ол.  

Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әйелдер арасындағы Гран-Придің үшінші кезеңі 24 наурыз бен 6 сәуір аралығында Үндістан астанасы Нью-Делиде өтетінін еске сала кетейік. Онда 12 шахматшы ару бақ сынайды, олардың арасында екі қазақстандық спортшы болған. Олар – Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева.

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →