×

Қыздар күресіндегі құлдырау: Жалғыз үмітіміз неге ақталмады?

Мәселені спортшының өзінен сұрадық

Қыздар күресіндегі құлдырау: Жалғыз үмітіміз неге ақталмады?
Olympic.kz

Соңғы кездері күрестен Қазақстан әйелдер құрамасына сын қарша борауда. Бұған бұрымды балуандардың әлемдік жарыстардан құр қол оралуы, жүлдесіз қалуы себеп. Одан бөлек, соңғы төрт жылда әлем чемпионаттарынан міндетті түрде медальмен оралатын Жәмила Бақбергенова биыл  жер жүзілік жарыстың алғашқы айналымында жеңіліп қалды. Команданы жалғыз өзі сүйреген Жәмилаға қатысты да сұрақ көп. Осы орайда, Qaz365.kz мәселені спортшының өзінен сұраған болатын. 

«Өздеріңіз білесіздер, соңғы төрт жылда әлем чемпионаттарынан бос келген емеспін. Менің бұл жетістігім тұтастай құраманың жыртығын жамады десем, артық емес. Өйткені, бар үміттің жалғыз  өзіңе артылғаны да психологиялық тұрғыдан қиын. Десе де, мен командалас қыздарымның алысқа шапқанын, жүлде алғанын, жақсы белдесу көрсеткенін қалаймын. Биылғы әлем чемпионатына келер болсам, қырғыз балуанымен белдесіп жатқанда шынтағымды жарақаттап алдым. Негізі, осы әлем біріншілігінің қарсаңында  иығым мазалап бастаған еді. Сол жарақаттың салдарынан күшке басымдық беретін жаттығуларды жасай  алмадым. Әлем чемпионатынан оралған бойда шынтағым мен иығымды емдеуге кірістім. Қазіргі  таңда Алматыда емделіп жатырмын», - дейді Жәмила. 

Бұл жеңіліс спортшының сағын сындырмаған. Керісінше, әйелдер күресіндегі тоқыраудың күшейгені Жәмиланың жеңіске деген жігерін арттыра түсті. 

«Шынымды айтсам, әлем чемпионатының бірінші белдесуінде ұтылғаным жаныма батты. Бірақ, бұл спорт қой. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мен осыны қабылдай білдім. Қателігімді көріп тұрмын. Бұл менің сағымды сындырған жоқ, керісінше, жігерімді арттырды. Әр жеңілістен кейін бір жеңіс шуағы тұратынына сенемін. Өзім де бір рет ұтылсам, намыстан өліп кете жаздаймын. Еш аянбай жаттығамын. Қазір маған ең керегі – емделу ғана. Ұлттық құрамадағы бұл тоқырау да артта қалады деп сенемін», - дейді Бақбергенова.

Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова - күрестен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері, Азия ойындарының финалисті және бірнеше дүркін Азия чемпионы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →