Жетісу ұлттық ойындарды жаңғыртып, жаңа буынға жол ашты
Елімізде ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл салада түрлі жобалар жүзеге асырылып, ұлттық спорттың тамырына қан жүгірді. Өңір-өңірлерде де ұлттық бағытта түрлі іс-шаралар атқарылып, жүзеге аса бастауы – осының нақты дәлелі. Бұл қатарда Жетісу облысы да бар. Өңірдегі ұлттық спортқа деген қамқорлық бөлек. Бүгінде аймақтағы спортшылардың нәтижесі де көңіл қуантарлық жағдайда. Қатарынан қара үзіп жүрген жетісулықтардың жеңісі ел ішінде кеңінен айтылып, қызу талқыланып жүр, деп жазады Qaz365.kz.
Мәселен, әлемдегі ең ұзақ қашықтықты (1300 шақырымға дейін) қамтитын тұңғыш ат марафоны – «Ұлы Дала жорығында» тұрақты үздіктер санатына кіретін Жетісудың шабандоздары көпке үлгі. Жеңіске әр жеткен сайын облыс әкімі Бейбіт Исабаев команданы қабылдап, арнайы сый-сияпат көрсете отырып:
– Бұл тек жарыс емес, оның астарында ұлы мұраттар жатыр. Ұлттың салт-дәстүрі, құндылықтары бар. Сондықтан спорттық шеберліктеріңізді шыңдай беріңіздер, жетістіктеріңіз көбейсін, – деп лайықты бағасын беріп, демеп отырады.
Одан бөлек, өз сөзінде облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы:
– Көксу ауданында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қазақы тазы мен төбетке арналған орталық салынады. Онда жеті қазынаның бірі саналатын таза қанды итті көбейтіп, қажет болса өзге өңірлерге де беруге жағдай жасалады. Сол секілді кейін құсбегілікпен айналысатындар үшін де арнайы нысан тұрғызамыз, – деген еді.
Жалпы, Жетісудағы ұлттық спортқа деген қолдау айрықша. «Жетісу жүйірігі» дәстүрлі турнирі биыл да алыс-жақынды қамтыған айтулы жарыс болды. Бұл істің бастауында тұрған азаматтардың бірі – Рүстем Досжанов. Ол:
– Бәйгеміз дәстүрлі түрде 2016 жылдан бері өтіп келеді. Әуелі 40 шақырымнан бастағанбыз. Турнирді марқұм досым Жолан Омаров екеуміз бастадық. Үлкен турнирді 6-7 жыл бойы өз қаражатымызбен, атбегілердің бірігіп ұйымдастыруымен, қарапайым халықпен бірлесе отырып өткізіп келдік. Табандылықтың арқасында жылда жүлдеге 3-4 машина қоятынбыз. 2023 жылдан бастап Жетісу облысының әкімдігі, спорт басқармасы мемлекеттен қаражат бөліп, дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Ат сүйер қауымға деген алғысым шексіз, – деді кейінгі сұхбаттарының бірінде.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл:
– Ұлттық спорт түрлерін кеңінен дәріптеп, бабалар мұрасын ұлықтайтын жарыстардың қашан да орны бөлек. Бір қуантарлығы, қазір жастар арасында ат спортына қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Біз ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, рухты көтеретін жарыстарды қолдауға әр кезде дайынбыз, – деді.
Аламанда алдына қара салмайтын шабандоз Хамза Марланұлы бүгінде Жетісудың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған ұл. Еліміз үшін айтулы жарыс болған былтырғы V дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан ең жас спортшы (10 жаста болды) және ол аламан бәйгеде сенімді серігі «Жұмыртұяқпен» күміс жүлде алды. Жас жокей:
– Алты жасымнан бастап үлкен бәйгелерге шаптым. Қорқыныштың бәрін үш-төрт жасымнан бастап жеңдім. Шабуға дейін талай атқа шауып машықтандым. Шабандоз аттың жүрісін, аяқалысын сезінуі керек, – дейді. Талай бәйгенің жүлдесін қанжығасына байлаған шынашақтай бала бір өңірдің ғана емес, еліміздегі ұлттық спорттың дамуына қосып жатқан еңбегі бар.
Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша облыста ұлттық спорт түрінен 854 үйірме бар, онда 26 207 адам (оның ішінде 17 538-і ауылдық жерде) шұғылданады. Ұлттық спорт түрлері бойынша 379 жаттықтырушы бар.
Өңірде «Талдықорған қаласының ұлттық және ат спорты түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» жұмыс істейді. Онда көкпар, саят, аударыспақ, қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату сияқты 8 спорт түрі бар. Қазір 469 спортшыны 22 жаттықтырушы-оқытушы тәрбиелеуде. Сондай-ақ, 2023 жылдың наурызында тіркелген ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» спорт клубында 11 спорт түрі қамтылған, онда 204 спортшы мен 22 жаттықтырушы бар.
Облыста Нұрлан Меделов басқаратын көкпар ұлттық спорт түрінен «Жетісу облысының ұлттық және ат спорты түрлерінен федерациясы» ҚБ (66 адам тіркелген) және Рүстем Досжанов төрағалық ететін бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату спорт түрлерінен «Жетісу облыстық ұлттық ат спорты федерациясы» ҚБ (71 адам тіркелген) бар.
– Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс қалалары мен аудандарында спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер, біріншіліктер өтіп тұрады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауда, – дейді денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Биыл облыс бойынша ұлттық спорт түрлерінен 395 іс-шара ұйымдастырылды. Әлі жоспарда тұрғандары да бар. Тұрақты қолдау мен мол мүмкіндік талай жарыста жетісулықтардың озып шығуына сеп болмақ.