Жетісуда спортқа қызығушылық 42 пайызға артты
 
                    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Құрылтайда «бұқаралық спортты дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағыты» деп баса айтып өтті. Бүгінде әр елді мекенде бұқаралық спортты дамыту бойынша және балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Жетісу облысында биыл алғаш рет өткен «J league» жобасы, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Футбол, волейбол және баскетболдың басын біріктірген «J league» шарасының негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экстремизм мен терроризмнің, нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жеңіске деген жігерін ояту, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасау және демалысын тиімді өткізу.
Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жоба аясында облыстың барлық аймағынан 887 командадан 9 000-ға жуық жасөспірім қатысты. Оның ішінде футболдан – 556, волейболдан – 117, баскетболдан – 154 команда өз бағын сынады. Тұғыр төріне көтерілген балаларға арнайы сауықтыру лагеріне жолдама беріліп, спорттық киімдер мен үш мыңға жуық доп сыйға тартылды. Ал оларды дайындаған жаттықтырушыларға ақшалай сый көрсетілді.
Осы жобадан кейінгі статистикаға зер салсақ, ауылдық жерлердегі балалардың спортқа қатысу деңгейі 42 пайызға артқан. Балалардың да, ата-аналардың да оң бағасына ие болған жобаның келесі маусымы – «J league 2.0» өткізу жоспарланып отыр.
Сәуірде бастау алған жоба жаздың ортасына дейін жалғасып, жеңімпаздар анықталды. Ашылу сәтінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев:
– Спорт – адамды табандылық пен тәртіпке үйрететін тәрбиеші, денсаулықтың кепілі. Сондықтан жасөспірімдердің осындай жарыстар арқылы бұқаралық спорт түрлеріне көптеп тартылуы, салауатты өмір салтын ұстануға деген талпынысы бізді ерекше қуантады. Бұл жарыс – сіздердің спорт жолындағы алғашқы белестеріңіздің бірі, – деді.
Жобаның іріктеу кезеңдері облысқа қарасты 119 ауылдық округ командалары арасында өтіп, жеңімпаздары аудандық іріктеу кезеңіне қатысты. Ал ауданнан суырылып шыққандары облыс орталығы Талдықорғанда сынға түсті. Финалдық ойындарға футболдан 90 командадан 900-ден астам, волейбол мен баскетболдан 60 командадан 600 жасөспірім қатысты. Үш жас ерекшелігі бойынша жеңімпаз атанған 9 команданың ойыншыларына ұйымдастырушылар тарапынан уәде етілген сый-сияпат толығымен көрсетілді.
Футболдан Текелі қаласында балалар бапкері болып жұмыс істейтін Сержан Телтаев:
– Дәл осындай жоба балалар үшін де, жаттықтырушыларға да аса қажет. Балаларды арнайы орталықтарға іріктеу жұмыстары да қызу жүргізіліп, әрқайсысын жеке бақылауға мүмкіндік туады. Болашақ чемпиондар осылардың арасынан шығады. Өйткені дәл осындай шарада ысылып, өзін қалыптастырады, – дейді.
Ал «J league» футбол турнирінің ақтық сынында ерекше көзге түскен Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің 7 «ә» сынып оқушысы Жеңіс Аслан:
– Футболмен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Командамыз 5–7 сынып оқушыларынан құрылған. Жаттықтырушымыз – Мәди Исағалиев. Аудандағы іріктеуде қатысқан барлық бес команданы да жеңдік. Келешекте Абат Айымбетов сияқты мықты ойыншы болғым келеді, – деді.
Алғаш рет ұйымдастырылған жоба өңірдегі өрендердің өресіне сәуле сыйлағаны анық. Футболдан «Былғары доп», волейболдан «Шұбар доп», баскетболдан «Алтын доп» жарыстарының жеңімпаздары төмендегідей түзілді:
«Былғары доп» кезеңінің жеңімпаздары:
2014–2015 жылғы жасөспірімдер:
І орын – IT 28 орта мектеп (Талдықорған қаласы)
ІІ орын – Байысов мектебі (Ескелді ауданы)
ІІІ орын – 8 орта мектеп (Текелі қаласы)
2012–2013 жылғы жасөспірімдер:
І орын – Пенжім орта мектебі (Панфилов ауданы)
ІІ орын – 8 орта мектеп (Текелі қаласы)
ІІІ орын – Үшарал орта мектебі (Алакөл ауданы)
2010–2011 жылғы жасөспірімдер:
І орын – «Жетісу» командасы (Ескелді ауданы)
ІІ орын – Алғабас ауылы (Көксу ауданы)
ІІІ орын – Күреңбел командасы (Кербұлақ ауданы)
«Алтын доп» кезеңінің жеңімпаздары:
І орын – І. Жансүгіров командасы (Ақсу ауданы)
ІІ орын – Алакөл командасы (Алакөл ауданы)
ІІІ орын – Тамшыбұлақ командасы (Ақсу ауданы)
«Шұбар доп» кезеңінің жеңімпаздары:
І орын – Stars командасы (Сарқан ауданы)
ІІ орын – Жансүгіров командасы (Ақсу ауданы)
ІІІ орын – Найман командасы (Сарқан ауданы)
Балалардың болашағына бағдар ұсынатын мұндай жобалардың көбеюі қуантады. Келешекте ел намысын әлемдік аренада қорғайтын спортшылардың бүгіннен қалыптасып, түрлі жарыста топ жарып жатқаны – зор үміттің белгісі. Ұйымдастырушылар «J league» жобасының екінші маусымын өткізуді бүгіннен бастап жоспарлап отыр.
