Жыл соңына дейін облыстағы 68 ауылдық округтің 70 пайызы спорт нысандарымен қамтылады
            
    
    Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, алдағы екі жылда өңірдегі барлық ауылдық округтерде спорт нысандары салынып, тұрғындардың бұқаралық спортқа қолжетімділігі толық қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазір өңірде 800-ге жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 8 стадион, 53 спорт кешені, 702 спорт алаңы, олимпиадалық стандарттағы 50 метрлік бассейн, «Атырау» спорт сарайы, теннис орталығы және мұз сарайы бар. Бұдан бөлек, 17 жеке спорт нысаны да халық игілігіне қызмет көрсетіп келеді.
Жыл соңына дейін облыстағы 68 ауылдық округтің 70 пайызы спорт нысандарымен қамтылады. Ал 2027 жылға дейін барлық ауылдық округтерде спорт инфрақұрылымы толық қалыптасады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 29 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның жетеуі пайдалануға берілді, ал тағы алтауының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 16 нысан 2026 жылы тапсырылмақ. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен 4 жаңа нысан — мамандандырылған волейбол және баскетбол орталықтары, сондай-ақ Мұқыр мен Кудряшов ауылдарындағы спорт кешендері салынуда.
Бұл жобалар жүзеге асқанда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 62 пайыздан 70 пайызға дейін өседі.
Дарынды жас спортшыларды қолдау мақсатында Атырау қаласында Олимпиадалық резерв мектебі-интернаты салынады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асады. Алты жылға жоспарланған жобаның алғашқы жылы — құрылыс, келесі бес жылы — техникалық пайдалану кезеңі болмақ. Кешенде 13 спорт залы, бассейн, оқу корпусы, жатақхана, асхана және кітапхана болады. Мұнда 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшы білім алып, жаттығады. Құрылысы 2026 жылдың сәуірінде басталмақ.
Бизнес өкілдері де өңірдегі спортты дамытуға үлес қосуда. Texol компаниясы жалпы аумағы 19 мың шаршы метр болатын заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын қолға алды. Мұнда 12 түрлі спортпен айналысуға мүмкіндік жасалады.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, Атырау облысында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ірі спорт нысандары да бой көтереді. Олардың қатарында ұлттық ат спорты кешені (ипподром), 12 мың орындық EURO-IV санатындағы футбол стадионы және көпбейінді Atyrau Arena спорт сарайы бар. Қазіргі уақытта бұл жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде, құрылыс келесі жылы басталмақ.
Облыс әкімінің мәліметінше, бүгінде өңір халқының 45,1 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 46 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.