Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мысырдың Каир қаласында өткен парапауэрлифтингтен Әлем чемпионатында жанкүйерлеріне тарихи алтын медаль сыйлаған, ересектер арасында чемпион атанған Фариза Төлжанмен және жасөспірімдер арасында топ жарған Снежанна Бойкомен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Спортшыларды жеңісімен құттықтап, өңірде спорт саласын дамытуда атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Сіздер қажырлы еңбектің, жеңіске деген ерік-жігердің арқасында еліміздің көк байрағын әлемдік жарыста желбіретіп, Сыр елінің мерейін үстем еттіңіздер.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» - деп атап өтті. Сіздердің жарқын жеңістеріңіз осының айқын дәлелі.Осы жолды әрі қарай жалғастырып, алдағы уақытта да еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтеретіндеріңізге сеніміміз мол. Алда болатын байрақты бәсекелерде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Спорт – егемен еліміздің еңсесін көтеретін, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітетін маңызды сала. Фариза мен Снежанна қарындастарымызды жарқын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз!Отбасыларыңызға амандық, Өздеріңізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуда Төлжан Фаризаға Сыр жұртшылығының атынан жаңа пәтер кілті табысталды. Снежанна Бойко мен жаттықтырушы Бахытбек Болатбайұлына 1 млн. теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен “Астана сервис LTD” ЖШС директоры Мұса Әбдіқалықов құттықтау сөз сөйледі.
Жиында әлем чемпионы Фариза Қалбайқызы, жаттықтырушы Бахытбек Балтабайұлы өз алғыстарын жеткізді.
Аймақта спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда Сыр спортына қаржыландырудың барлық көзінен 64 млрд. 200 млн. теңге бөлінді.
Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға облыстық бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаражат қаралды. 2022 жылдан бері 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды. Елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы да 5 спорт кешені ашылады. Өткен аптада Шиелі ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды. Биыл алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» жұмысын бастады. Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді.
Бұдан бөлек, Qyzylorda Arena спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.