Сәкен Бибосынов әлем біріншілігінде 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Ақтық сында қазақстандық боксшы ресейлік Вячеслав Рогозинмен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Екі дүркін әлем чемпионы болдым. Дегенмен ақтық сын өте қиын болды. Ресей боксшысы өте жас, өте талантты, өте жылдам боксшы екен. Бірінші және үшінші раунд спорный болды деп айтуға болады. Екінші раундта жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жеттім. Қазақта жақсы сөз бар: “жігіттің тағымен талассаң да, бағымен таласа алмайсың” деген, бірақ шүкір осы чемпионатта бағым жанып, жеребе де сәтті түсті. Әлем чемпионатына дейін сынақтар болды. Бұған дейінгі жарыста жеңіп тұрсақ та, бермей қойған кезде болды. Бірақ бүгін жеңіске жеттік. Анам жол апатынан қатты жарақат алған еді. Қазір емделіп, жағдайы жақсы. Анашым бұл жеңіс сіз үшін»,- деді боксшы.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы – алтын, 2019 жылы – қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Азия чемпионатында күміс 2022 және қола 2021 жүлдегер атанды.