70-ке жуық спортшы қатысты
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алматы облыстық тоғызқұмалақ спорт федерациясының «Кубогы» үшін облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталған жарысқа Алматы облысының 9 өңірінен 2012 жыл және одан кіші, сондай-ақ 2016 жыл және одан кіші жас санатындағы ұлдар мен қыздар арасынан 70-ке жуық спортшы қатысты. Турнир тоғызқұмалақтың «рапид» түрі бойынша швейцар жүйесімен ұйымдастырылып, спортшылар жеке және командалық есепте өзара бақ сынады.
Турнирдің негізгі мақсаттары:
• тоғызқұмалақты Алматы облысындағы маңызды ұлттық зияткерлік спорт түрлерінің бірі ретінде дамыту және кеңінен насихаттау;
• әртүрлі жас санатындағы спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, тактикалық дағдыларын жетілдіру;
• балалар мен жасөспірімдер арасында зияткерлік спортқа тұрақты қызығушылық қалыптастыру;
• облыс аудандарының спортшылары мен бапкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу.
Алматы облыстық тоғызқұмалақ спорт федерациясының басшысы Жарас Ниязбек өз сөзінде өңірде тоғызқұмалақ спортының дамуы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті:
«Алматы облысында соңғы жылдары тоғызқұмалақ спорты ерекше қарқынмен дамуда. Балалардың ұлттық ойынға деген қызығушылығы жоғары. Бұл спорт тоғызқұмалақ жанашырлары мен осы ұлттық ойынды жан-тәнімен сүйетін азаматтардың еңбегінің арқасында дамып келеді. Бүгінгі турнирге қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен Qazaq Technology компаниясына, Art Production шығармашылық мектептер желісіне, сондай-ақ ақпараттық қолдау көрсеткен Dalanews ақпарат агенттігіне, “Қала мен дала”, “Алатау арайы” газеттеріне алғыс білдіреміз. Осындай жарыстар ұлттық спорттың дамуына серпін береді», – деді ол.
ЖАРЫС НӘТИЖЕЛЕРІ
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
9 жасқа дейінгі ҚЫЗДАР арасында:
• I орын – Бексерік Әмина (Ұйғыр ауданы)
• II орын – Таңғатар Мерей (Алатау қаласы)
• III орын – Орынтай Айару (Ұйғыр ауданы)
• III орын – Болатбай Бибіәсия (Алатау қаласы)
9 жасқа дейінгі ҰЛДАР арасында:
• I орын – Ақсай Рамиз (Талғар ауданы)
• II орын – Қали Мадияр (Іле ауданы)
• III орын – Есбосын Бағнұр (Іле ауданы)
• III орын – Таңғатар Омар (Алатау қаласы)
13 жасқа дейінгі ҚЫЗДАР арасында:
• I орын – Халық Айсенім (Ұйғыр ауданы)
• II орын – Нұрбек Інжу (Жамбыл ауданы)
• III орын – Адият Еркеназ (Жамбыл ауданы)
• III орын – Ерланқызы Ақмейір (Кеген ауданы)
13 жасқа дейінгі ҰЛДАР арасында:
• I орын – Батыр Олжас (Алатау қаласы)
• II орын – Балағаз Ислам (Жамбыл ауданы)
• III орын – Ерген Мейрамбек (Кеген ауданы)
• III орын – Оразхан Нұрым (Іле ауданы)
Командалық есепте:
• I орын – Ұйғыр ауданы
• II орын – Алатау қаласы
• III орын – Талғар ауданы
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік медальдармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Командалық есепте үздік нәтиже көрсеткен аудандарға арнайы кубоктар табысталды.