Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстан футбол федерациясы Талғат Байсуфиновтың Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалғанын хабарлайды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Байсуфинов 2025 жылы ұлттық құраманы уақытша басқарған. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында бірнеше матч өткізді. Атап айтқанда, команда Лихтенштейн құрамасын 4:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Македония және Бельгия құрамаларымен 1:1 есебімен тең түсті.
Бұған дейін Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін екі рет атқарған. Ол 2016–2017 және 2020–2022 жылдары да ұлттық команданы басқарған.
Тәжірибелі маман Қазақстанның бірқатар футбол клубтарында еңбек еткен. Әр жылдары «Есіл-Боғатырь» (Петропавл), «Ақсу», «Ертіс» (Павлодар), «Ақжайық» (Орал) клубтарының бас бапкері болған, сондай-ақ Қазақстанның жастар құрамасымен жұмыс істеген.
Футболшы ретіндегі мансабында Талғат Байсуфинов «Ертіс», «Металлург», «Еңбек», «Екібастұзец», «Жетісу» және «Восток» клубтарының намысын қорғаған.