×

Елена Рыбакина Australian Open турнирінде жеңіске жетті

Әлемнің бірінші ракеткасын тізе бүктірді

Елена Рыбакина Australian Open турнирінде жеңіске жетті
Ашық дереккөздерден

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Финалдық кездесуде ол әлемнің бірінші ракеткасы атанған Беларусь спортшысы Арина Соболенкодан басым түсті.

Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 1-ші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін 10 рет кездесіп, соның алтауында Соболенко жеңген еді. Соның ішінде белоруссиялық теннисші 2023 жылы Аустралия біріншілігінің финалында Е.Рыбакинаны қапы қалдырған еді. Дегенмен қазақстандық спортшы өткен жылы WTA қорытынды турнирінде А.Соболенконы ұтып, сонда жеңімпаз атанған болатын.

Бұл жолы Е.Рыбакина матчты сәтті бастады – 2:0. Бірінші сетте осы брейк жеткілікті болды – 6:4.

Екінші партияны Соболенко брейкпен түйіндеді – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте Соболенко 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Рыбакина қатарынан бес геймді алды – 5:3. Сосын матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екі сағат 19 минутқа созылған тартысты бәсекеде Елена 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Арина 5 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена Рыбакина спорттық жолында екінші рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды. Ол бұдан төрт жыл бұрын Уимблдонда үздік шыққан еді.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →