Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Светлана Журова Милан Олимпиадасының чемпионы атанған қазақстандық Михаил Шайдоровтың жеңісіне Ресейдің қосқан үлесі туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «РИА Новостиге» сілтеме жасап.
Конькимен жүгіруден Олимпиада чемпионы Светлана Журованың айтуынша, Шайдоровтың Миландағы жеңісі оған осыдан 32 жыл бұрынғы тарихи сәтті еске түсірген. 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында қазіргі таңда Михаилдың жаттықтырушысы болып табылатын Алексей Урманов та дәл осылай алтын тұғырдан көрінген болатын.
«Қазақстан үшін қуаныштымын. Шынымды айтсам, мұндай финалды 32 жылдан бері көрмеген едім. Лиллехаммерде мықтылардың бәрі құлап жатқанда, Алексей Урманов өте жақсы өнер көрсетіп, бірінші орын алған еді. Ал қазір ол бәрін таңғалдырып, Олимпиада чемпионы атанған Михаилдың жаттықтырушысы», — деді Журова.
Депутат Михаил Шайдоровтың дайындық базасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, спортшының Ресейде жаттығуы жеңіске жетуіне септігін тигізген.
«Менің білуімше, ол Сочиде жаттықты. Бұл да таңқаларлық жайт, біздің ел оған өз елінің намысын қорғап, Олимпиада ойындарына дайындалуына мүмкіндік берді. Оның жинақталып, осындай жоғары деңгейде өнер көрсеткені үлкен ерлік», — деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ Журова бұл жарыста басты фаворит саналған америкалық Илья Малининнің сәтсіздігіне таңданысын жасырмады. Ол көптеген талантты спортшылардың еркін бағдарламада өте нашар өнер көрсеткенін, ал Шайдоровтың осы мүмкіндікті мүлт жібермей, алтынды жеңіп алғанын айтты.