Белгілі кәсіпкер Арсен Томский Милан – Кортина қысқы Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі әрі алғашқы жаттықтырушысы Станислав Шайдоровқа су жаңа Audi Q8 көлігін тарту етті. Бұл туралы кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кәсіпкер бұл сыйлықты Михаилдың тарихи жеңісіне қосқан әкесінің өлшеусіз үлесі үшін бергенін атап өтті. Айта кетейік, Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанған сәтте Арсен Томский оның әкесіне көлік мінгізуге уәде берген болатын.
Арсен Томский Станислав Шайдоровтың басынан өткен оқиға өзіне неге жақын екенін де түсіндіріп өтті. Бір кездері Станислав Александрович ұлының спорттық мансабын қолдау үшін өз көлігін сатып, қаражат жинаған.
«Бұл оқиға маған ерекше жақын. Мен де өзім сенген іс үшін екі рет көлігімді сатқанмын: бір жолы командаға жалақы төлеу үшін, екінші жолы Якутия құрамасын киберспорт чемпионатына жіберу үшін. Сондықтан бұл қадамның артында қандай тәуекел мен сенім жатқанын жақсы түсінемін», — деп жазды кәсіпкер.
Көлікті табыстау рәсімінде Станислав Шайдоров толқыныстан көз жасына ерік берген. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – ұлының жетістігі мен өз еңбегінің жанғанына риза болған әкенің шынайы сезімі.
«Михаил керемет өнер көрсетіп, Қазақстанды ғана емес, миллиондаған адамды шабыттандырды. Бірақ бұл триумфтың артында — жылдар бойғы қажырлы еңбек пен өзін-өзі құрбан ету жатыр. Әр чемпионның артында кезінде «Мен саған сенемін» деген адам тұрады», — деді Томский.
Арсен Томский Шайдоровтар отбасына және барша Қазақстан халқына жаңа жеңістер мен мақтаныш сезімін сыйлайтын сәттердің көп болуын тіледі.