Ақордада Италияда өткен ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жаһандық додада алтын және қола медаль иеленіп, қазақ параспорты үшін тарихи нәтиже көрсеткенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президент Ербол Хамитовтың жеңісін ұлттық рухтың салтанаты деп бағалады. Ол спортшының Паралимпиадаға аттанарда өзі табыстаған көк Туды биікте желбіретіп, сенімді толық ақтағанына ризашылығын білдірді:
«Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сенің жеңісіңнің арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел мерейін үстем еткен Ербол Хамитовқа III дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.
Жеңімпазды баптаған жаттықтырушылардың да еңбегі елеусіз қалмады:
Туризм және спорт министрлігіне қарасты спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденімен марапатталды;
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Үміт» спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені берілді.