Жеті мыңдай жанкүйер жиналып, трибуналарда ине шаншар орын қалмады
Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында Қазақстан мен Словакияның 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасында тартысты кездесу өтті. Аталған ойын 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістанда УЕФА басшылығы аясында өткен алғашқы ресми матч жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейдегі матчқа жергілікті жанкүйерлер ерекше қызығушылық танытып, стадион толық толды. Жеті мыңдай жанкүйер жиналып, трибуналарда ине шаншар орын қалмады. Түркістан жұртшылығы Қазақстанның жастар құрамасына қызу қолдау көрсетіп, ойын бойы ұлттық құрамаға дем берді. Жанкүйерлердің белсенділігі алаңдағы ойыншыларға ерекше серпін сыйлады.
Тартысты өткен матч, өкінішке қарай қонақтардың пайдасына шешілді. Словакиялықтар сауатты әрі қорғаныста сақ ойнап, 3:1 есебімен жеңді.
Мұндай маңызды кездесулердің Түркістанда өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар бұл – жастар футболын дамытуға және жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Айта кетейік, «Түркістан Арена» стадионы – халықаралық деңгейдегі заманауи спорт нысаны. УЕФА талаптарына сай стадионда Қазақстан жастар құрамасы 31 наурызда Ирландия жастарын қабылдайды. Кездесу сағат 20:00-де басталады, кіру тегін.