«Қазақстан барысы» Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдемесіне түсініктеме берді
«Қазақстан барысы» Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры» қоғамдық қоры 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді. Қордың негізгі мақсаты – еліміздегі ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, қазақ күресінің беделін арттыру және ұлттық идея деңгейіне жеткізу», – делінген хабарламада.
Қор өңірлік іріктеу жарыстарын ұйымдастырып, қазақ күресінен турнирлер өткізіп келеді. Қор жүзеге асырып отырған барлық жобалар қазақ күресін дамытуға бағытталған.
“Айта кететін жайт, осы брендпен бұрын жұмыс істеген «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры» ҚҚ жұмысы туралы ақпараттардан хабарымыз жоқ.
Мәселен, Қор құрылған сәттен бастап қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі (2021, 2022), сондай-ақ, қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия Кубогы (2022) ұйымдастырылды. 2023 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың 2 шілдесіне жоспарланған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне қатысу үшін еліміздің өңірлері бойынша іріктеу жарыстары өткізілді”, – делінген түсініктемеде.
Қор барлық процестердің ашықтығын қадағалайтындығын, қазіргі уақытта Қор қызметі штаттық режимде жүргізіліп отырғанын, туындаған мәселе бойынша ешқандай түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді. Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылып келгенін және барлық қаржылық есептер қабылдаушы тараптардың талаптарына сәйкес ұсынылып отырғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, "Қазақстан барысы" турниріне миллиардтан астам теңге жұмсаудың заңдылығын Қаржы мониторинг агенттігі тексеріп жатқанын жазған болатынбыз. Жобаның авторы Арман Шораев мұны биліктің өзін жемқор етіп көрсету әрекеті деп есептейді.