Қазақстан құрамасы Иран командасымен финалдық кездесу өткізді
Қазақстанның параволейбол құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Астанада отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Чемпионат 3-8 шілдеде елордадағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Додаға 8 елден Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістаннан 200-ден астам спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасы 6 шілдеде жартылай финалда Қытай командасын 3:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, Азия чемпионатының финалына шығып, 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарының лицензиясын ұтып алды.
Бүгін Қазақстан құрамасы Иран командасымен финалдық кездесу өткізді. Ойын өте тартысты өтті. Өйткені, екі команда да осал емес. Иран құрамасы – чемпионаттағы барлық кездесуде жеңілмеген жалғыз команда. Ал, Қазақстанның параволейболшылары әлемдік рейтингте 7-ші, Азия рейтингінде 2-орында тұр.
Кездесудің бірінші кезеңінде ирандықтар 25:21 есебімен жеңіске жетті. Ал, Қазақстан құрамасы екінші кезеңдегі алғашқы ұпайды иеленген еді. Алайда, қарсыластар басымдығына тойтарыс беру оңайға түспеді. Екінші кезеңнің нәтижесі – 25:14 болып, жеңіс қарсылас команданың үлесіне жазылды.
Шешуші үшінші кезеңде де қазақстандық параволейболшылар ұпайды көбірек еншілеуге талпынды. Есеп айырмасын қысқартып, басымдықты иеленуге ұмтылған қазақ ойыншылары үшін бұл кезең қарсыластар еншісінде кетті. Есеп – 25:17.
Осылайша, Қазақстанның параволейбол командасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Бұл кездесуде төрешілер тарапынан екі команданың ойыншыларына бірнеше рет сары қағаз көрсетілді.