Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің бірнеше аймағынан танымал БАҚ өкілдері қатысты
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының туған күніне орай шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында қала әкімінің кубогы үшін республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің бірнеше аймағынан танымал БАҚ өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылар Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Жетісу, Абай және т.б облыстардың командалары бақ сынады. Олардың арасында жаңадан ашылған Qaz365.kz ақпараттық порталының да командасы да болды.
Qaz365.kz командасы В тобында Тараз, Өскемен, Көкбекті командаларымен бақ сынасты. Турнир «Алтай» стадионында өтті.
Алғашқы ойында Qaz365.kz тараздық тілшілерді 2:1 есебімен жеңді. Одан кейін Көкпекті ауданы құрамасынан 3:0 есбімен басым түсті. Одан кейін Өскемен құрамасымен ойын 4:1 есебімен Qaz365.kz командасының пайдасына шешілді.
Жартылай финалда BAQ Liga-ның үш дүркін чемпионы «Қазмедиа» қақпасына жауапсыз үш гол соқты.
Ал финалда танымал журналист Есболат Айдабосын бастаған «Қарекетпен» кездесті. Қарсылас жылдам гол салғанымен, Qaz365.kz 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды.
Сөйтіп, Өскемен қаласы әкімі кубогының жеңімпазы атанды. Бұған дейін Qaz365.kz командасы Қызылорда қаласы әкімі кубогы жолындағы жарыста күміс медаль алса, журналистер арасындағы BAQ liga-ның XIII маусымында чемпион атанған.
Екінші орын «Қарекетке» бұйырса, үздік үштікке Тараз тұрақтады.
Qaz365.kz қорғаушысы Бақытжан Масақов турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Жеңімпаз команданы қала әкімі Жақсылық Омар марапаттады.