Бүгін Алматыда өткен жиында бірлестік өкілдері осы мәселені көтерді
Әлемдік «Ұлы Қазақ» бірлестігі Алматыда жиын өткізіп, балуандардың жыл сайынғы «Қазақстан Барысы» күрес сайысын «Көкбөрі» деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін Алматыда өткен жиында бірлестік өкілдері осы мәселені көтерді. Олар кезінде «Қазақстан Барысы» күресі деп дұрыс аталмаған деп есептейді. Сол үшін мемлекеттік мекемелердің алдына осы мәселені кесе-көлденең тартып, өтініш түсіргелі отыр.
Qaz365.kz тілшісі осы ретте бірлестік президентінің кеңесшісі Айдын Рысбекұлын сөзге тартқан. Ол «Қазақстан Барысы» деген сөз ұғымы өте қате таңдалған деп есептейді.
«Дұрыс емес. Себебі біріншіден, барыс сөзін алудың өзі қате. Барыс 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Көп адам Қазақстанның символы барыс дейді. Бірақ Қазақстанның үш символы бар. Ол Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Әнұран. Ал барыс – 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Барыс деген сөз ұғымы да қате. Себебі барыс тұқымдастарының алты-жеті түрі бар. Жолбарыс, қабылан, тарғын, долы, ілбіс. Ілбіп жүретіндіктен солай айтады. Ұрғашысын ішім деп айтады. Сондықтан, ол сөз ұғымы ретінде ол қате таңдалған», - дейді ол.
Айдын Рысбекұлы таңбалы тастарда көкбөрі бар, бұқа бар, бұғы, ортеке бар, бірақ барыс жоқ дейді. Сөзінше, барыс деген жасанды термин. Сингапурды Азияның жолбарысы дейтініндей, еліктеу, солықтаудан шыққан ұғым әрі үстірт таңдалған дейді ол.
«Қазақстан Барысын көрсетіп жатады ғой. Турнирдің атына сай балуандар барыстың терісін жамылып шығу керек. Балуандар неге бөрінің терісін жамылып шығады? Қасқыр деп сөйлейміз. Негізі қазақтар бөрі, көкжал, арлан деп айтқан. Біз сөздерді дұрыс қолданбаймыз. Сондықтан, барыс – Қызыл кітапқа енген дейді. Айтатын сылтаулары», - дейді бірлестік президентінің кеңесшісі.
Айдн Рысбекұлы «Қазақстан барысы» емес, сайысты «Көкбөрі» деп алу керек дейді.
«Мұны Қазақстан деп шектеудің де қажеті жоқ. Көкбөрі десек, түркі тілдес халықтар кіреді. Сонда мұның деңгейі көтеріліп кетеді. «Астана Арланс» деген бар. Ол енді менеджмент бойынша таңдалған. Бізге еліктеудің керегі жоқ. Тарихта таңбаланған көкбөрі деген атау бар. Соны сол қалпында бұзбай, неге қолданбасқа?» - дейді Айдын Рысбекұлы
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ спортының атауын өзгертуді ұсынған еді. Ол бұл туралы XIX ғасырда этнограф Григорий Загряжский еңбегінде ойынның атауын «тоғызат» деп жазған. Осылайша, тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екенін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдеріндегі ойындардың атауынан кездестіруге болады деп отыр.