Париж Олимпиадасына санаулы күн қалды
Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында сенатор Айгүл Қапбарова елде жоғары жетістіктер спортын дамытуға қаржы көп бөлініп, бұқаралық және инклюзивті спорт түрлері ескерілмей жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«2018 жылдан бастап, спорт саласының бюджеті екі өсіп, 1,4 триллион теңгені құрады. Мемлекет басшысы кәсіби спортты бюджет есебінен қаржыландыруды азайтуды тапсырды. Сөйтіп, бұқаралық спортты дамыту арқылы 2029 жылға қарай азаматтарымыздың 50 пайызын спортпен шұғылдану керектігін баса айтқан. Алайда 2023 жылы бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін дамытуға 930 миллион теңге бөлінген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 439 миллион теңгеге кем. Ал жоғары жетістіктер спортын дамытуға 100 есе артық бөлінген. Құрметті министр! Осы ретте, сұрағым бар: Сіздер бұқаралық спортпен шұғылдану мәселесіне келгенде Арт-спортты алға тарта бересіздер. Алайда бұқаралық спортпен қамтуда балалардан бөлек, ересек азаматтар мен инклюзивті спорт өкілдері назардан тыс қалады», – дейді Айгүл Қапбарова.
Ол жоғары спорт түрлеріне ақшаны көп бөліп жатқанымыз – өз нәтижесін бере ме деп сұрады. Өйткені алда Париж Олимпиадасына санаулы күн қалды. Бұған дейін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталғаны бар. Ал туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жұмыстар жүріп жатыр деп жауап берді.
«Бізде қазір 78 лицензия бар. Басты үміт – бокс, күрес түрлерінде. Өкінішке қарай, ауыр атлетикадан жолдама алмадық. Өңірлерге тоқталатын болсақ, Алматы, Шымкент, Астана қалалары жолдама саны жөнінен алда тұр. Олимпиадаға төрт рейтингтік жарыс бар. Жалпы, 80-85 жолдамамен Олимпиадаға қатысамыз деп үміттенеміз», – деді министр.
Осы ретте Ермек Маржықпаев бұқаралық спортқа да тоқталып өтті. Әкімдіктермен бірлесіп жылына 25 мың бұқаралық іс-шара өтетінін, спорт нұқсаушыларының санын көбейткенін айтты.
«Соңғы 3 жылда президенттік тестке 10,5 мың адам қатысса, биыл 4, 5 млн адам өтініш білдірді. Облыстарда бұқаралық спортты дамытуға арналған іс-шаралар жетерлік. «Ақ бидай» спартакиадасы бар», – дейді ол.