Футболшы қазақ тіліне неге шорқақ екенін түсіндірді
Қазақстандық танымал блогер Мерей Әбілованың күйеуі, футболшы Димаш Қашкен неліктен қазақшасы нашар екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жұлдыз жұп Мерей Әбілова Айсәуле Бақытбекке сұхбат берген болатын. Әңгіме барысында Димаш қазақ тіліне неге шорқақ екенін түсіндірді.
«Мен қазақша білемін, бірақ жақсы емес. Маған ойымды орысша жеткізген жеңіл. Себебі мен кішкентайымнан қазақша мектепте оқымадым. Бала кезімнен бастап Еуропада доп теуіп, сол жақтарда оқыдым. Бір-екі жыл Испания, бірнеше жыл Грузия мен Литвада тұрдым деген сияқты. Сол мемлекеттердегі оқып, көп мектеп ауыстырдым. Мен, тіпті, Қазақстанға аз келетінмін. Осы жолғы келуім бесінші рет шығар. Биыл толыққанды бір жыл Қазақстанда тұрып келемін. Былай айтқанда осы жылға дейін өмірім шетелде өтті. Сондықтан еш тәжірибе болмады. Қазақшаға қарағанда, ағылшын тілін жақсырақ білемін», – дейді футболшы.
Айта кетейік, 24 жастағы Дінмұхамед Қашкен «Астананың» жастар командасында, «Жетісу», «Қайсар», «Шахтер» клубтарында ойнаған. Сондай-ақ «Жальгирис» сапында Латвияда чемпион атанған. Қазіргі кезде Алматының «Хан Тәңірі» командасының намысын қорғайды.