Жеребе тартылды
Қазақстандық дзюдошылардың Париж Олимпиадасындағы алғашқы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Абиба Әбужақынова (48 кг) алғашқы айналымда Израиль спортшысы Шира Ришонимен кездеседі. Жеребе оңай түскен жоқ. Ел сенім артып отырған спортшы оны жеңсе, екінші айналымда тайпейлік Лин Чен мен колумбиялық Эрика Лассо арасындағы үздігімен жолығады. Тайпей дзюдошысы Абиба үшін ыңғайсыз қарсылас. Абиба оны әлі жеңе алмай жүр. Бұған дейін екі рет жеңілген.
Ширек финалға жетсе, Милица Николич және испандық Мартинез Абеленданың біреуі күтіп тұрады. Екеуі де Абиба үшін қиын.
Екінші жағынан, моңғол қызы жартылай финалға ойланбай жетуі керек. Абиба жартылай финалға шықса, моңғол қызы күтіп тұрады. Бавуудоржийн Баасанхуу – 2024 жылғы әлем чемпионы.
Ал 48 келідегі көшбасшылардың бірі жапон Нацуми Цунодамен финалда кездесуі мүмкін.
Одан бөлек, қыздардан Камила Берліқаш (78 кг) моңғолиялық Адиясурен Амарсайханмен, ал Эсмигүл Куюлова (63 кг) аустриялық Лубьяна Пиовесанамен белдеседі.
Елдос Сметовтің (60 кг) алғашқы қарсыласы – Нидерланд спортшысы Торнике Цякадоеа. Сондай-ақ Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) бірінші айналымда испаниялық Дэвид Гарсияға қарсы тұрады. Данияр Шамшаев (73 кг) өзбек дзюдошысы Муроджон Юлдошевпен кездессе, Нұрлыхан Шархан (-100 кг) белгиялық Тома Никифоровпен белдеседі. Абылайхан Жұбаназар (81 кг) венгриялық Миклош Унгваримен күш сынасады.
Аралас командалық жарысты спортшылар +90 кг салмақ дәрежесі бойынша бастайды. Қазақстан құрамасының бұл сайыстағы алғашқы қарсыласы – Бразилия.
Дзюдошылар жарысты 27 шілдеде бастайды. Алғашқы жарыс күні Абиба Әбужақынова мен Елдос Сметов татамиге шығады.