Депутат пен кәсіркерден чемпионға сый
Париж Олимпиадасында дзюдо балуаны Елдос Сметов чемпион атанғаннан кейін оған қошемет көрсетуге елдегі кәсіпкерлер дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мысалы, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов пен Форбс тізімінде байлардың бірі Жұмабек Жанықұлов көлік мінгізуді жоспарлап отыр. Қазір ақылдасып, қандай көлік беретіндерін білмей, бастары қатып жатыр.
«Алматыға барамыз. Елдостың келетінін білеміз. Елдостың маңдайына қандай көлік жазылып тұрғанын көреміз», - деді Жанықұлов.
Ол бұған дейін Токио Олимпиадасынан кейін де Елдосқа көлік берген. Бұл жолы одан да жақсысын сыйға тартуды жоспарлап отыр. Руслан Берденов көлік салондарын ұсыныспен шығуға шақырды.
Ал ақтөбелік танымал кәсіпкер Әнуар Маханов Елдосқа 100 жылқы тарту етпекші.
«Елдос – нағыз қазақ батыры. Ол осы алтынға жету үшін өз жастығын сарп етті. Ата-анасының, қалың елдің үмітін ақтап, жарақатына, көптеген қиындыққа қарамастан, еліміздің байрағын биіктетті. Бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ, сондықтан Елдос батырымыз қандай құрметке де лайықты. Өзім ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, 100 жылқы тарту етемін», - дейді асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкер Әнуар Ақмырзаұлы.
Айта кетейік, қазақстандық дзюдошы кеше финалда франциялық Лука Мхекидзені жеңген болатын.