Биыл қыркүйек айында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтереді
Бүгін Астанада Ұлыбританияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Кәти Лич ханым мен ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменнің қатысуымен елшілік қызметкерлеріне арналған тоғызқұмалақ курсының алғашқы сабағы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жоғары мәртебелі Елші ханымның ұлттық ойынға қызығушылық танытып , өзі де алғашқы сабақ алуы тәнті қылды. Ойын үстіндегі әңгімеде мен негізін британдықтар қалаған Қарсақбай кентінде туғанымды айтып ем, ол кісі Өспен тарихынан да хабардар екенін білдірді»,- дейді Алихан Байменов.
Ол Лич ханымға Орталық Қазақстан өңіріне британдықтар әкелген «Белка» деп аталатын карта ойынын да еске салды.
«Ұлыбританияның бұрынғы бір елшісі мен Сыртқы істер министрінің орынбасары ол ойынның ережесі «көршіме бар» деген ойынға ұқсастығын айтқанын жеткіздім»,- дейді Республикалық федерация президенті Алихан Байменов.
Ол Елшілікке тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.
«Осы шарада астаналық жаттықтырушы Гүлнәр Базаралиева және оқушылар арасында әлем чемпиондары Бекмахан Әділет пен Махмұтжан Әзімхан алғашқы сабақ өткізді. Кездесуде Ұлыбритания елшісі мен елшілік қызметкерлері қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын қызығушылықпен ойнап, оның тактикаларын меңгерді. Тамаша бастаманың ұйытқысы болған Елшілік қызметкерлеріне тоғызқұмалақшылар атынан ыстық лебізімді білдіреміз»,- дейді Алихан Байменов.
Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалауын көтереді. Оған әлемнің 50-ден астам мемлекетінен тоғызқұмалақтан сайысқа түсу үшін ойыншылар келеді.