×

Назым Қызайбай: Асфальт төсемейтінін білдім, жолды түзеп өтсе де шүкір дегем

Түрлі бағыттан айтылған осындай сын-пікірлерге Назым Қызайбай жауап берді

Назым Қызайбай: Асфальт төсемейтінін білдім, жолды түзеп өтсе де шүкір дегем
Фото: olympic.kz

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері боксшы Назым Қызайбайдың шаршы алаңдағы әр жекпе-жегі жанкүйерлердің назарында болды. Ол қуанса, елі бірге қуанды. Ол көзіне жас алса, елі бірге еңіреді, демеді. Қола медаль еншілеген алтын қыз Назым Қызайбаймен сұқбаттасудың сәті түсіп, Dopmedia.kz тілшісі көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мен биыл Олимпиада ойындарына тұңғыш рет бақ сынадым. Көп спортшы Олимпиадаға қатысудың өзі арман екенін айтып жатады. Шынымен Олимпиадада өнер көрсетудің өзі бөлек деңгей екен.

Алдыңғы Олимпиадаларға қатысқан спортшылардың сөзінше, Парижде өткен байрақты бәсекені тамашалауға келген адамның қарасы көп болды. Жарыстар өтетін ареналар мен стадиондарда жиналған адамдар саны көп болды.

Осы Олимпиададағы бірінші кездесуімнің алдында бапкерім мен психологым: «Жиналған адамның қарасы мол. Қобалжып қалма», – деп ескертті. Сол кезде: «Қобалжымаймын, ештеңе емес», – деп қоя салғам. Бірақ өзіңді-өзің алдай алмайды екенсің, рингке шыққандағы сезім басқаша болды. Ауыр атмосфера болса да, ерекше сезім сыйлайды. Бапкерлерім де: «Өзіңді еркін ұста, рингке шыққан кезде соққылар жасап, секіріп, күліп шық», – деді. Сонда да көп адам қарап отырған соң, қысылады екенсің», – деді Назым Қызайбай.

Бокстан әйелдер арасындағы 50 кг салмақ дәрежесінде жүлдегер атанған спортшыларды марапаттау рәсіміне атақты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин қатысты. Әлеуметтік желіде Назым Қызайбайдың GGG-ге қарап жылы жымиып қарап тұрған суреті де тараған болатын. Назым Қызайбай бұл сәтте ерекше сезімге бөленіп тұрғанын айтты.

«Туысқандарымның бәрі: «Геннадий Головкинді көрдің бе?», – деп сұрап жатады. Ол кісіні Олимпиадаға келгенде бір-ақ көрдім, ал оған дейін көрмеппін.

Геннадий Головкин – қазақ боксының аңызы. Бұл Олимпиадаға өзі арнайы келіп, қолдап, әр кездесуі сайын құттықтап жатты. Өте қуаныштымын, бұл мен үшін мәртебе.

Марапаттау рәсіміне ол кісінің өзі қатысты. Әлеуметтік желіде тараған бір суретте Геннадий Головкинге қарап мәз болып тұрған бейнемді көрген шығарсыздар. Головкинді бүкіл әлем таниды. Сондықтан марапаттау рәсімінде мақтаныш сезіміне бөленіп тұрдым», – деп пікір білдірді Назым Қызайбай.

Сонымен қатар қазіргі уақытта әлеуметтік желіде Назым Қызайбай мен Әбиба Әбужақынованың достығы ерекше талқыланып жатыр. Тіпті қос спортшы жақында Алматыда қалада кездескені туралы бейнені Әбиба Әбужақынова әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған еді.

«Бұған дейін Әбибамен қатты араласпаппыз. Сырттай таныспыз. Ара-кідік оқу-жаттығу жиындарында жолығып қалатынбыз.

Әбиба Олимпиада ауылында менің бөлмеме жақын бөлмеде тұрды. Бір-бірімізді қолдап жүрдік. Мен оған: «Қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы болайық», – дедім.

Мен оған Парижден сыйлық алып келемін деп уәде еткем. Сол алған сыйлығымды табыстап, жақында Алматы қаласында кездестік», – деді Назым Қызайбай.

Назым Қызайбайдың әкесі Абай Қызайбай БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында: «Қызымыздың енді отбасылық өмірге де көңіл бөлгенін қалаймыз», – деген болатын. Осы орайда боксшы Назым Қызайбайдың жоспарлары туралы сұрадық.

«Спортпен айналысып жүргеніме көптеген жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін ата-анам менің шешіміме қарсы болмапты. Тек туысқандарымыз: «Қашан тұрмысқа шығасың?», – деп сұрайтын. Бірақ мен өзіме-өзім: «Олимпиада чемпионы атанамын», – деп мақсат қойғам.

Қалай деген күннің өзінде, бәрі де бұйырған уақытында болады. Әкем мен анам менің әр таңдауыма қолдау білдіреді.

Тіпті жасың келді екен деп асығуға болмайды. Сен өзіңнің адамыңды жолықтырған кезде ештеңеге қарамай тұрмысқа шығасың», – деді боксшы.

Сонымен қатар Париж Олимпиадасында боксшыларымыз әр жеңілісінен кейін спортшыларға «неге әлеуметтік желіде отырады, телефондарын алып қою керек» деген секілді сындар айтылды. Түрлі бағыттан айтылған осындай сын-пікірлерге Назым Қызайбай жауап берді.

«Instagram, Tiktok-қа фото-видео салып қалсаң, сынап жазып жататындар жеткілікті. Тіпті тым дөрекі түрде жазады. Сондай кезде күлкің келеді. Біз де адамбыз, робот емеспіз ғой. Бізді таңертеңнен кешке дейін жаттығу жасап, тамақ ішіп, телефонсыз жүру керек деп ойлайды.

Күніне екі мезгіл – таңертең және кешке жаттығуымызды жасаймыз. Бос уақытта неге телефон қолданбасқа?! Адамдар соны дұрыс түсінбей жатады.

2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатынан кейін жігіттерімізге де: «Дайындалсаңдаршы, неге интернетте отырсыңдар?», – деп сын айтты. Кешкі жаттығуыңды жасап, тамақтанып алған соң әлеуметтік желіге кіріп отырған күннің өзінде 24 сағат бойы дайындалуымыз қажет секілді жазатын адамдар көп», – деді боксшы Назым Қызайбай.

Назым Қызайбай келесі Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін, сондай-ақ үшінші мәрте әлем чемпионы атанғысы келетінін айтты.

«Осы уақытқа дейін көп адам: «Назымның жасы келді», – деп айтатын. Осы Олимпиадаға барған кезде әлемнің мықты-мықты деген спортшыларының бәрін көрдік. Көбінің жасы үлкен болса да, Олимпиадаға келіп, бақтарын сынап жатыр. Дзюдошы Елдос Сметовтің өзі үш Олимпиадасына барып, қоласын да, күмісін де, алтынын да алды.

Келесі Олимпиадаға төрт жыл бар десек те, уақыт жылдам өтеді. Бұйырса, келесі додаға қатысамын деп ойлаймын. Ал оған дейін әлем чемпионатына қатысып, үшінші мәрте топ жарғым келеді», – деді қазақстандық боксшы.

Сұқбаттың соңында Назым Қызайбайға үйінің алдына асфальт төселді ме деп әзіл аралас сауал қойған болатынбыз. 

«Үйге бардым, асфальт төселмеген. Асфальт төсемейтінін білдім, содан кейін жолды түзетіп өтсе де шүкір дегем (күлді).

Менің үйім орналасқан жақта әлі де болсын құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мүмкін осы жұмыстар аяқталған соң, жолды жөндейтін шығар», – деді боксшы Назым Қызайбай.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Клуб бұрыннан қалып кеткен 400 млн теңге қарызын жыл сайын бөліп төлеп келеді
Елеусінов қыркүйек айында Алматыда жекпе-жекке шықты
2016 жылы РФ президенті Владимир Путиннің қолынан Ресей азаматтығын алған.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →