Дюдошыға тағы бір көлік сыйланды
Париж Олимпиадасында бесінші орын алған қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйға тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жолы оған Forbes тізіміне кірген қарағандылық бизнесмен Алмаз Әлсенов су жаңа BMW Х3 кроссоверін сыйлады.
«Бүгінгі көлік мені бұдан кейін де тоқтамауға, тынбай еңбектенуге тағы бір себеп деп ойлаймын, челлендж деп қабылдаймын. Олимпиада ойындары менің өмірімді түбегейлі өзгерткені анық. Соған қарамастан барлығы мені қолдап, жылы лебіздерін аяп жатқан жоқ. Бұл – бір күндік емес, көп жылдық еңбегімнің, маңдай теріммен, тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде жеткен сый деп қабылдаймын. Бәріңіздің қолдауларыңызға ризамын! Әлі-ақ сіздердің үміттеріңізді ақтап, қолдауларыңыздың өтеуі ретінде жеңісті жолды жалғастырамын деп уәде беремін», - деп жазды спортшы.
Бұған дейін Абиба Әбужақыноваға Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Kia автокөлігін сыйласа, Атырау облысында жергілікті кәсіпкерлер Zeekr электромобилін тарту етті. Бұл оның Олимпиададан оралғаннан бергі үшінші көлігі.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол қола жүлдеге таласта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орын алған болатын.