Ол қазақстандық журналист берген сұхбатында сыйлықтардан бас тартқанын айтты
Өзбекстан тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған үш спортшы бар. Соның бірі – аса ауыр салмақты боксшы Бахадүр Жалолов. Ол қазақстандық журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында халық пен кәсіпкерлердің берген сыйлығынан бас тартқанын айтқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Өзбекстанға келіп, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Баходир Жалоловтан сұхбат алу бұйырды. Сұхбат кезінде мен одан кәсіпкерлер мен халық қандай сыйлық бергенін сұрадым. Ол «мемлекеттен алғаным жетеді, қарапайым халықтан, кәсіпкерлерден алып байып кетпеймін, ол сыйлықты о дүниеге алып кетпеймін, Олимпиаданы екі рет жеңсем елімнің абыройы үшін жеңдім» деп жауап берді. Ал біздегі жағдай ше? Анау пәтер берді, мынау көлік берді, ат мінгізді деп жазып жатыр. Айналайын алтындарым, сіздер ел намысын қорғауға бардыңыздар ма, әлде дүние жинауға бардыңыздар ма?» – дейді журналист Нұрсейіт Жылқышыбай.