Екі команда арасындағы қарымта ойын 9 наурыз күні Мюнхенде өтеді
Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы ойындар басталды. Бұл кезеңдегі бірінші ойында "Бавария" сырт алаңда Париждің ПСЖ клубын ұтса, "Милан" өз алаңында "Тоттенхэмнен" басым түсті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Париждегі "Парк де Пренс" алаңында өткен кездесуде мюнхендік клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойында "Баварияға" жеңіс сыйлаған голды 53-минутта Кингсли Коман соқты. Месси, Неймар мен Рамос негізгі құрамда ойнап, екінші тайм соңына қарай Мбаппе де шабуылға серпін қосқанмен, тең есепке де қол жеткізе алмады. "Бавария" ойынды 10 ойыншымен аяқтады. Кездесу аяқталар тұста Бенджамин Павар екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Екі команда арасындағы қарымта ойын 9 наурыз күні Мюнхенде өтеді.
Ал "Милан" өз алаңында 1:0 есебімен Лондонның "Тоттенхэм" клубын ұтты. Бұл матчте алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды жартылай қорғаушы Брахим Диас соқты. Ағылшындық клуб шабуылда ширақ болғанмен, таразы басын теңестіретін мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ.
Бұл екі команда арасындағы қарымта ойын да 9 наурызда өтеді. Екі кездесу қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб ширек финалға шығады.