×

«Жастар арасында алкоголь ішу сән емес» – психотерапевт

«Жастар арасында алкоголь ішу сән емес» – психотерапевт
freepik

Алматыдағы ресми деректерге сәйкес, ішімдікке тәуелділер саны соңғы жылдары азайып, 2020 жылмен салыстырғанда ішімдікке салынғандар көрсеткіші 7,5%-ға төмендеген. Қазіргі таңда қалалық наркологиялық қызметте тіркелген маскүнемдер де көп емес. Алайда, қоғамда алкогольді ішімдікке, есірткіге тәуелділерді анықтау оңай. Ең қиыны, өзінің іс-әрекетін үнемі құпияда сақ ұстауға тырысатын лудоманды жазбай тану мүмкін емес. Бұл туралы тәуелділіктен құтылудың жолын іздегендер есігін жиі қағатын психотерапевт Мұхамед Алязұлы Qaz365.kz тілшісіне тарқатып айтып берді.

– Мұхамед Алязұлы, психотерапевт маман ретінде алдыңызға ем іздеп келетіндерді қандай топқа бөлесіз?  

– Алматы қаласындағы көмек сұрап келетін талай адамның жан жарасын емдеуге күш салып келемін. Біздің қоғамда тәуелділік дертіне ұшырағандар көбейіп барады. Бұл біріншіден, лудомания, екінші – алкоголді ішімдікке тәуелділер, сосын – есірткінің химиялық түрінен айыға алмай жүргендер. Осы үш категорияның ішінде құмар ойынына тәуелділік дерті көш бастап тұр. Себебі, мұндай адамды анықтау қиынға соғады. Лудомандар әрекетін жасырын ұстайды. Отбасы мүшелеріне де білдірмеуге тырысады. Сондықтан да оны емдеу процесі кейде ұзаққа созылуы мүмкін.  

Әсіресе, Алматы сияқты ірі мегаполисте кезінде құмар ойындары да көп болды. Қазір тіпті жап-жас есірткі жеткізушілерді де байқап қаламыз. Дегенмен, осы үш категорияның бәрі психикалық бұзылысқа жатады. Яғни, өзін-өзі іштей жейді, күйзеліске ұшырайды. Мұндай адамдарды емдеудің негізгі екі жолы бар. Біріншісі, оқшауланып, оңалту орталығында реабилитациядан өту керек. Мұндай орталықтар Алматыда бар. Бұл бір ай, екі-үш ай, тіпті төрт айға дейін созылуы мүмкін. Ем-шара жүргізу ісі пациентке және оның ауруының күрделілігіне байланысты тағайындалады. Екінші әдіс – психотерапия. Кәдімгі психолог, психотерапевт маманына кіріп, амбулаториялық ем алады. Арнайы сеанс алып, тиісті процедуралардан өтеді. Менің субъективті пікірім бойынша, ең тиімді әдіс – гипноз арқылы әсер ету. Өйткені, тәуелділікке қатысты осы үш түрлі емнің бәрінің де транстік жүйесі бар. Яғни, адам есірткі қолданғанда белгілі бір транс күйіне түседі. Сол сияқты спиртті ішімдік ішкен адамның бойында да белгілі бір транс күйі пайда болады. Ал құмар ойынының жетегінде кеткен лудоман жеңсе немесе жеңіліп қалса, белгілі бір жай-күйді басынан өткізеді. Сондықтан біз оны транстық күйге енгізіп, әлгі тәуелділіктерден бас тартуға деген әртүрлі кеңес бере аламыз. Бұл тым болмаса, мотивациялау үшін керек. Ал психотерапияның өзі, яғни психологтармен жұмыс әрине нәтижелі болады. Алайда, олардың мақсаты мынадай. Бірінші – тазаруға мотивация беру, қолдау көрсету. Екінші – бұл азаматтың бойында болып жатқан дерттің нақты себебін табу және оны жоюға талпыну. Талай жыл жиналып қалған ішкі реніштерді, өз-өзіне деген қанағаттанбаушылық сезімін қайта қарау қажет. Мұның бәрі психологтың жұмысына кіреді. Егер реабилитациялық орталықта да, психологтармен жұмыс барысында да гипноз қолданылса, нәтиже әлдеқайда жоғары болады. 

– Гипноз арқылы емдеу процесі қанша кезеңнен тұрады?   

– Психотерапевт науқаспен алдын ала әңгімелесу жүргізеді. Яғни, маман пациенттің тығырыққа тірелген мәселесін, өмір тарихын, отбасында болып жатқан жағдаяттарды тыңдайды. Мұндағы мақсат – пациенттің сенімін оятып, гипноздың қалай өтетінін түсіндіру және оның рұқсатын алу. Бұдан кейін релаксация процесі жүреді. Пациентті тыныштандыру және демалдыру үшін түрлі техника қолданылады. Терең тыныс алу, бұлшықет релаксациясы, қысқаша визуализация немесе медитация арқылы дайындау. Содан кейін ғана гипнозға енгізіп, пациентті транс күйіне кіргізеді. Бұл кезде оның ақыл-ойы жұмыс істей бастайды, ал санаға қысым азаяды.  Осы күйде психотерапевт пациенттің проблемаларын шешуге бағытталған ұсыныстар береді. Мысалы, қорқыныштарды жеңуге немесе фобияны жеңілдетуге арналған  кеңестер, өзіне сенімділікті арттыру бойынша жаман әдеттер – алкоголь ішу, темекі шегуден арылу керектігін түсіндіру. Содан кейін пациентті   
әдеттегі саналы күйге кері қайтарады. Біз гипнозбен емдеу әдісін тек ерікті адамға ғана қолданамыз. Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Ол сананы толық басқару емес, адамның өз ішкі ресурстарын белсендіріп,  күйзеліске душар еткен мәседені жеңуге көмектесу тәсілі. 

– Сізге ем алуға келетіндер негізінен қай жастағылар? Оның ішінде  ер азаматтар көп пе, әлде әйелдер ме?  

– Негізінен Алматы қаласынан көп жазылады. Әлеуметтік желі арқылы да келеді. Ең сорақысы, құмар ойынға тәуелділік жылдан жылға жасарып жатыр. Қазіргі кезде бізге келетіндердің арасында 18, 19, 20 жастағы жастардың өзі  қарызға белшесінен батып қалған.  Лудоманияның ең ауыр тәуелділіктің түрі екенін ескерсек, мұнда суицидке бейім адамдар саны да жоғары. Бұл дерт адамды соншалықты тығырыққа тіреп, әп-сәтте шыңырауға түсіре алады. Әрине, ол бұдан шығатын жолды таппай, амалсыз өзін-өзі оқшаулауға немесе суицидке барады. Ал бүгінгі таңда әсіресе, жастар арасында алкогольді сусындар ішу сән болмағандықтан, оған тәуелділік те аз. Ал енді «Ерлер көп тұтына ма, әлде әйелдер ме?» деген сауалға, «Әлбетте, ерлер» деп жауап беремін. Шын мәнінде, әйелдің ішімдікке салынуы өте қауіпті. Емделуі де оңайлыққа соқпайды. Ер адам ішкенін жасырмайды, ашық көрсетеді. Бәрі білетіндіктен, маңайындағылар да ішуді тоқтатуға түрткі болады. Ал әйелдер алкогольге тәуелдігілін жасырады, уақыт өте келе тығылып ішеді. Соның салдарынан оған  көмек те уақытында келмеуі мүмкін. Сонымен қатар әйелдер эмоционалды келеді. Ағзадағы гормональдық өзгерістерден сезімтал, көп ренжігіш,   әсерленгіш болады. Сондықтан да әйелге тән алкоголдік тәуелділік тереңге сіңіп, емі де ұзақ жүруі мүмкін.    

– Мұндай адамдар дертінен біржола айығып кете ме?   

– Емдеуге болады. Бәрі пациенттің өмірге деген құштарлығы мен талпынысына байланысты. Егер алкогольге тәуелділіктен құтылып, жақсы өмір сүруді бастаймын деген ниеті болса, сөзсіз ем нәтижесін береді.  

– Ал олардың дертін қалай тез анықтауға болады? 

– Мысалы, лудоманияда адам өте тұйық жүреді, өзін құпияда ұстайды. Өмірі орындалуы қиын әрі жүзеге аса қоймайтын «ертегі» бизнес-жоспарларды ойша құрып алады. Қаржы мәселесінде бейқам, жауапсыз болады. Ең қиын нәрсе – лудоманияны диагностикалау. Есірткі тұтынушыны анықтау оңайырақ, ал лудоманды сырттан тани алмайсың. Оны тек бойындағы өзгерістер  арқылы, атап айтқанда ашуланшақтық, жүйке күйзелісі, жасыру, сөйлескісі келмеу, достарынан алшақтау, қарыз берген мекемелердің қоңырауына  жауап бермеуінен білуге болады. Оны анық білу үшін пациенттің жүріс-тұрысын, іс-әрекетін қадағалауда ұстап, сырттай бақылау керек. Егер ол жасырын ұстаса,  жиі өтірік айтса, онда лудоман болуы мүмкін. Мысалы, оның сөзінше көлігі жиі бұзылады, шұғыл ақша қажет болады. Тіпті, жалақысы үнемі кешігеді, жаңа бизнес бастап, кейін қиындыққа түседі. Міне, осындай жалған сөйлеп, жұрттан, айналасындағылардан ақша сұрауға көшеді.  

Ал алкогольге тәуелділікте адам екі күн қатарынан үзіліссіз ішсе, бұл «міндетті түрде маманға жүгіну керек» деген алғашқы белгі. Егер ішуді тоқтамай жалғастыра берсе, ол ішімдікке тәуелді санатына кіреді. 

Химиялық есірткі тұтынуға келсек, қазір оның жетілдірілген түрі көп.   Бұрын бұған қатты тәуелді болу үшін бірнеше ай қажет болса, кейінгі есірткі түрлері мұны айтарлықтай жылдамдатты. Яғни, тұтынған адам екі-үш аптада-ақ тәуелді боп шыға келеді. Тіпті, бірінші-екінші қолдануда-ақ тәуелділікке бой алдырады. Есірткі тұтынатын адам физикалық жағынан әлсіз, түсі сұп-сұр болып, көңіл-күйі түсіп, күш-қуаты төмендейді.  

Ал лудоманияда кейде медикаментоздық көмек керек болады. Адам ойынға тым беріліп, қарызға батып, қатты күйзеліс жағдайында болса, жүйке жүйесі сыр беріп, үрейлі күйге түседі. Мұндай кезде депрессияға қарсы дәрі-дәрмек тағайындауға болады. Бірақ олар жағдайды тек уақытша тұрақтандыруға ғана арналған. 

Сондықтан лудоманияда негізгі ем – дәрілік терапия болып саналмайды. Ал химиялық тәуелділік пен алкоголизмде дәрілік ем, ауырсынуды басатын препараттар, детокс қажет.  

– Тәуелді адам маманға «Мен қоямын» деп өз еркімен келуі керек пе, әлде оны жетектеп апару қажет пе?  

– Жақындары көз жұмып қарап жүре бермей маманға алып келу керек. Алматыда мұндай орталықтар да, психиатр, психолог мамандар да жеткілікті. Қазіргі таңда Алматы қаласында нашақорлықтың түрі бойынша қызмет көрсететін 40-тан астам жеке клиникалар бар. Алкоголизмге шалдыққандарға тамшы салататын жеке детокс орталықтары да баршылық.   

Содан кейін маман оған көмек қолын созатынын айтып, мотивация беріп, мәселенің бар екенін түсіндіріп, ары қарай емге апаратын жолды көрсетуі тиіс. Науқас емдеу жолының бар екенін көріп, келісім беруі керек. Әрине, емдеу процесі жолында міндетті түрде пациенттің қалауы болуы қажет. Мысалы, оны уақытша тыныштандырып, ем-шара жасаған соң, шыға сала «маған бәрібір» деп қайта ішіп немесе ойнауға кетсе, мұндай жағдайда кінәлі кім? Өзі ғана. Менің ойымша, қоғамда бұл мәселенің алдын алу үшін ақпараттандыру жұмысын үздіксіз жүргізу қажет.  

Айталық, мектептерде жасөспірімдерге, жоғары оқу орнында жастарға лекциялар оқылса, толыққанды ақпарат берілсе деймін. Бәлкім, оқушыларды  реабилитациялық орталыққа немесе наркологияға экскурсия жасатып, мұның соңы қандай ауыр зардап әкелетінін өз көзімен көрсе, мұндайға екі бастан жоламас еді. Тағы қайталап айтам, адам өз бетімен тәуелділіктен шығады дегенге үміттенуге бола бермейді. Мүмкіндік бар, бірақ мұндай жағдай сирек. Көп жағдайда осы жолдан шығуға маманның көмегі қажет.  

– Сіздің тәжірибеңізде ұзақ уақыт емделіп, қайтадан сол жолға түсіп   кеткендер бар ма?  

– Ондай адамдар бар. Мәселен, лудоман «Үш-төрт жыл ойнаған жоқпын. Мен тек жай 500 теңге ғана салып көрдім» дейді де, тағы да «қораға» кіреді. Себебі, бос уақытын қайда жұмсарын білмей іші пысады. Ал алкогольді ішімдік пен есірткіге тәуелділікке күйзеліске түсу жағдайы, ажырасу, жұмыстан шығып қалу, отбасындағы ұрыс-керіс, жақын адамынан айрылу сияқты жайттар себепші болып, адам сол стрессті ішімдік не есірткімен басқысы келеді. Яғни, алкоголь мен есірткі тұтыну көбіне стресс арқылы енсе, лудоманияға  көбіне сылтау арқылы тап болады.  

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →