Құт-береке қазанмен бірге кетеді деп ойлаған.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде қыз жасауы мен үйлену салтына қатысты түрлі видеолар кең тарауда. Алайда осы видеолардың бірде-бірінде қазақтың дәстүрі бойынша қазанның жасауға қосылмайтыны туралы айтыла бермейді. Осы тақырып аясында қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай қыз жасауына не себепті қазан қосуға болмайтыны жайлы ойын бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Құт-береке қазанда»
Белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбай қазақтың дәстүрінде қыз жасауына қазан қосылмағаны, отбасының құт-берекесі болып саналғаны жайлы айтады.
«Әлеуметтік желіде неше түрлі видеолар көріп жатамыз. Жұрт жасауды көрсетіп жатады. Сол жасаудың ішінде міндетті түрде түрлі-түрлі ас пісіретін кастрөл, табақ жүреді. Бірақ қазақта жасауға қазанды қоспайтын еді. Неге? Себебі қазан тек ас пісіретін құрал ғана емес, ол отбасының құт-берекесі болып саналған. Өйткені қазан берсе, құт-береке қазанмен бірге басқа жаққа кетеді деп ойлаған», - дейді ол.
Ер адамның көрінен табылған қазандар
Зира Наурызбайдың айтуынша, қазанды қыз жақ бермеген. Қазан мифологиясы – үлкен тақырып.
«Бір жағынан енші бөлгенде ұлына қазанды беру – үлкен миссия. Балалары өскен, ер жеткен әкенің миссиясы. «Басыңа үй тігіп, бауырыңа қазан астым» деген қазақта сөз бар. Қазанның мифологиясы тереңде жатыр. Археологтар қазба жұмыстары кезінде табылған қазандардың еркек адаммен, батырлармен байланысын да жиі зерттейді. Қазандар тек жауынгердің ғана емес, қолбасшының қабірінен табылған, себебі ол – көмекшілеріне тамақ беретін құрал ғана емес, сонымен қатар олардың адалдық символы болған. Қазанның өзі әйелдің символы ретінде қарастырылады, себебі ол – ұлы ананың белгісі, отбасының әрі асқа қатысты тіршіліктің символы», - дейді Зира Наурызбай.