×

Ақсай көтерілісінің құрбандары ұмытылмайды

Ақсай көтерілісінің ерлері – ел жадында

Ақсай көтерілісінің құрбандары ұмытылмайды

 
Тарихта 1931-1933 жылдар аралығында кеңестік империяның озбыр саясатының кесірінен қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың зардабы қандай болғаны бәрімізге белгілі. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің зұлым ұстанымы ұлтымызды ұмытылмастай нәубетке ұшыратты. «Ет тапсыру» науқанымен ұрандатып, қарапайым жұрттың алдындағы ақ, адал малын күштеп тартып алудың ақыры халықтың жаппай бас көтеруіне ұласты.
Ақиқаты сан дерекке толы сондай қарсылықтың қатарында «Абыралы көтерілісі» деген атпен тарихта қалған қанды оқиға да тұр. Алдымен Қайнар ауылынан (бұрынғы Абыралы ауданының орталығы) арыда жатқан Ақсай жерінде болған көтеріліс жайында «Википедия» анықтамалығындағы деректерге зер салайық. 

Наразылық қалай басталды?
1931 жылы қаңтарында сол кездегі БК (б)П ОК мен өлкелік комитетінің, Қазақ АКСР-ы үкіметінің шешіміне сәйкес, республика аумағында өкіметке мал тапсыру жоспарының 70 пайызын жылдың 1-тоқсанында орындалуы талап етіледі. Сол жоспарға сәйкес, Абыралы ауданының шаруалары әуелі 8745 тонна, кейін түзетілген есеп бойынша 3379 тонна ет өткізуге міндеттеледі. Бірақ бүкіл аудан халқының қолындағы малды түгел өткізген күнде де астарынан асырасілтеушілік көрініп тұрған бұл жоспардың орындалуы мүмкін емес еді. Өйткені, қарапайым халықтың басы артық малы осыған дейін-ақ ортаға және өкіметке тартып алынған болатын. Соған қарамастан «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын аудандық мекемелер бұл науқанды орындауға барын сала бастайды. Ақылға сыймайтын осы талаптың нәтижесінде 1931 жылы 12 ақпанда аудандағы барлық ауылдарда қарсылық белең алады. 


Ауданның шығыс жағындағы 2, 3, 5, 7, 12 және 14 ауылдардың Қосқан Бітебаев, Түскей Смағұлов тағы басқалар бастаған 700-дей адамы аудан орталығы — Қайнарға шабуыл жасады. Қайнарды қорғап тұрған қарулы отряд оған тойтарыс берген соң, олар ауылдарға тарап, ұсақ топтарға бөлініп, маусым айына дейін қарсылық әрекетін тоқтатқан жоқ. 1931 жылы маусымда ОГПУ әскерлерінің күшімен олардың бәрі тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ауданның солтүстік-батыс жағындағы 4 және 6-ауылда Ысқақ Кемпірбаев бастаған 300-ден астам шаруалар (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Бақты, Еңбек, Прогресс ауылдарының жерінде) қарсылығы тегеурінді сипатта өтіп, кеңестік әскерге бір айға дейін берілмеді. Ауданнан шыққан коммунарлар отрядының құрамындағы 20 адамды тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнінде талап қойған олар елден тартып алынған мал мен астықты халыққа қайтартып бергізуінің өзі бас көтерудің әсері қандай болғанын аңғартса керек. Алайда, бастарын бәйгеге тіккен ел азаматтарын Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдері аяған жоқ. Күш алып келген қарулы отрядқа төтеп бере алмай жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің көпшілігі қаза тапты. Көтеріліс басшысы Ысқақ Кемпірбаев және басқалары тұтқындалады. 
«1931 жылы күзде Абыралы көтерілісіне қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды. Тек Кемпірбаевтың жасағында болғандардан 274 адам сотталып, 85 адам атылды» делінген Википедия дерегінде.

«Туған жерге тағзым» бастамасымен жүзеге асқан іс
Қойнауында әлі талай шерлі шындық тұнып жатқан Ақсай жерінің кейінгі ұрпақ үшін тарихи маңызы айрықша. Өйткені, жоғарыда айтылған сол кездегі ауылдардың барлығы дерлік осы төңірекке қоныстанған екен. Алдындағы азын-аулық төрт түлігінен өзге күнкөрісі жоқ жазықсыз жұрт онысынан айырылса, қалай қамсыз отырсын?! Азаматтары амалсыздан атқа қонған осынау тегеурінді қарсылық ел аузында «Қамбар көтерілісі» деген атпен де айтылып, бүгінгі күнге жетті. Дегенмен, жұртын сақтау үшін жан алысып, жан беріскен сол алапат айқас болған тұсқа ескерткіш белгі орнатудың өте қажет екендігі де біліне бастап еді. Бұл бір жағынан тарихи тағылымы зор іс болса, екінші жағынан кеңестік озбыр саясаттың қандай болғанын ұрпақ жадында жаңғыртуға жол ашатын қадам болатын.
Міне, сол көптен бері айтылып жүрген бабалар алдындағы перзенттік борышты орындаудың орайы келді. «Қамбар баба» қорының ұйымдастыруымен және ел азаматтарының ат салысуымен Ақсай биігінің лайықталған жерінде көтеріліс құрбандарына арнайы жасалған ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылуына орай Семей, Абыралы өңірінен бөлек Қарқаралы (Қарағанды облысы), Екібастұз (Палодар облысы) Созақ (Түркістан облысы) аудандарындағы аталас ұрпақтары бір кісідей жиналды. Түркістаннан келген Сатулла қажы Ақсай құрбандарының рухына бағыштап, құран оқып, тағзым жасады.


Ескерткіш лентасын қию рәсімін «Қамбар баба» қорының басшысы Жандос Қасымжанұлы орындап, жиылған қауымға шынайы тебіренісін жеткізді. 
-Бабаларымыздың сан ғасырдан бері бостандық аңсап, тар құрсаудан шығу жолында сан мәрте күрескені, сынға түскені белгілі. Тарихымызда ондай ауыр кезеңдер аз болған жоқ. Қазақ даласын алапат аштыққа ұшыратқан өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы кеңестік үкіметтің қанқұйлы саясатының қалай жүргізілгені баршамызға мәлім. Сол күндерде атқа қонған бабаларымыздың Ақсай жеріндегі ерлігін ешқашан ұмытпауға, әрдайым ұлықтауға тиіспіз. Соның бір дәлелі міне, «Қамбар баба» қорының қолға алуымен Ақсай көтерілісі құрбандарына тағзым сипатында ескерткіш орнатып отырмыз. Бұл кейінгі ұрпақ та жадына сақтап, тағылым алатын іс болуға тиіс,-Жандос Әбдірашев.
Абай облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай бұл істің «Туған жерге тағзым» бастамасымен жүзеге асқанын атап өтті.


-Қазақ «өткенді еске алмай, болашаққа болжам жасай алмайсың» деп бекер айтпаған. Бүгінгі айтулы шара бүгінгі ұрпақ үшін тарихи күн деуге болады. Біз үшін атқа қонып, жанын құрбан еткен бабаларымыздың ерлігін әрдайым ұлықтауға тиііспіз. Кеңестік империяның кереғар саясатының, әпербақан ұраншылдығының кесірінен алдындағы малынан айырылып, аштық қаупі төнген соң, бас көтермесе болмайтынын ұғынып, атқа қонуына тура келді. Оның қалай болғандығын түпкілікті анықтау ниетімен осыдан біраз жылдар бұрын тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Талас Омарбековтің зерттеуін сұраған едік. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының шақыруымен Қайнар ауылына арнайы келіп, 1931 жылғы Абыралы көтерілісіне қатысты баяндама жасады. Қайнардағы «Абыралы көтерілісі» мемориалдық тақтасының ашылуында жасаған сол баяндама 45 минутқа созылса да тыңдаған жұрттың дені көздеріне жас алып, тебіреніп тұрғанына куә болдық. Бұл әрине, ақтаңдаққа толы тарихымыздағы зобалаң жылдардың бір дәлелі екені сөзсіз. Ал өздеріңіз көріп тұрған осынау ескерткіш сол бір нәубетті күндерде тәуекелге барған Ақсай көтерілісінің құрбандарына деген перзенттік парызымыз болып саналады. Тек енді ел іргесінің тыныштығы мен береке, бірлігінің сақталуына тілектеспіз,-деді М. Құрманбай.
Бұдан кейін сөз алған Құдайберген Советханұлы, Мақсан Төлеутайұлы, Азамат Амантайұлы, Тілеуғазы Хасенұлы, Мақсат Советханұлы тағы да басқа ел азаматтары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Шара соңында ақын С. Кәріпбаев «Ақсай шері» атты толғанысын оқып, сол бір ауыр жылдардағы бабалар ерлігін жырмен суреттеп жеткізді. 
Айтулы оқиға соңында Қайнар ауылындағы мешіт қатымханасында 1931 жылы болған наразылық құрбандарының рухына құран бағышталып, ас берілді.

Сәтжан Қасымжанұлы,
Абай облысы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Үй жинап, ыдыс жуатын робот жасалып шықты
20.06.2025ж. 12:06

Үй жинап, ыдыс жуатын робот жасалып шықты

Ол жасанды интеллект бағдарламалары арқылы басқарылады
Электрондық бақылаумен үйқамақ – қоғамнан толық оқшаулауға балама ретінде тиімді шешімге айналған
Баланың қолына қай жастан бастап электронды құрылғыны берген дұрыс 
 Қазақстанға Еуропадан кем дегенде 40 жабайы жылқыны бұрынғы мекеніне қайтару міндеттері жазылған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →