×

Автокөлік мінген алғашқы қазақтар

Автокөлік мінген алғашқы қазақтар

Бүгінде автокөлік адам өмірінің бір бөлшегіне айналды. Ұлттық Статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 6,7 миллионнан астам автомобиль тіркелген екен. Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асқанын ескерсек, әр үш адамның бірінде көлік бар деген сөз. Демек қазақ бүгінде көлік мінуден кенде емес. Ал бұрын қалай еді? Автокөлікті алғаш болып тізгіндеген қазақтар туралы не білеміз? Qaz365.kz зерттеп көрді.

Құрманғали Баймұхамбетұлы 

Әлемдегі ең алғашқы автокөлік 1880 жылдары Еуропада пайда болғаны белгілі. Көп ұзамай көлік Ресейге келді. Ресей арқылы автокөлік Қазақ жеріне жетті. Қазақ даласына алғашқы автокөлікті Құрманғали Қосшығұл әкелген. 

Құрманғали Баймұхамбетұлы – Ақмоланың ауқатты байының бірі. Әкесі Баймұхамбет Қосшығұлұлы – Ақмола қаласын салуға атсалысқан, бірнеше кәсіпорны (кондитер фабрикасы, сауда орындары т.б) болған атақты кәсіпкер. Баласы Құрманғали да әке жолын жалғап, жас кезінен кәсіппен айналысқан. Құрманғали Петербор технология институтында оқып, инженер-технолог мамандығын алған. Петерборда оқып жүргенде автомобиль жүргізуді үйренген. Тіпті Ресейде өткен автожарысқа да қатысып, жүлдегер атанған. Қазақ даласына, соның ішінде Ақмолаға алғашқы автокөлікті 1903-1905 жылдары осы Құрманғалидің әкелгені айтылады.  

Құрманғали тіпті автокөлік саудасымен де айналысып, Ақмоланың сол кездегі басшысы, көпес Кубринге көлік сатқан. Ол аздай Құрманғали Ақмолада автокөлік зауытын салмақ болған. Профессор Жамбыл Артықбаев: «Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженерлер мен құрылысшылар келіп болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті», – дейді. Деректерде оның Opel компаниясымен келісімшарт жасасқаны айтылады. Алайда автозауыт салу ісі аяқсыз қалған. 1914 жылы Германия мен Ресей арасында соғыс басталып, бұл жұмысты жүргізуге мүмкіндік бермеді. Құрманғали тізгіндеген көлік Ford (Model T) автомобилі болатын. Бұл көлікті Ақмоланың байы Петербордан алып келген.

Сәлімгерей Жантөрин 

Уфа қаласының белгілі байы, меценат Сәлімгерей Сейітханұлы да – алғаш болып автокөлік тізгіндеген қазақтың бірі. Сәлімгерей Ford (Model S) автомобилін тізгіндеген. Татар тарихшысы Лилия Габдрафикованың жазуынша, Уфаға алғашқы автокөлік 1906-1907 жылдары келген. «Уфадағы мұсылмандардың ішінде «өздігінен жүретін экипаждардың» иелері саудагер В.Вахитов пен жер иеленуші, белгілі қоғам қайраткері С.Жантөрин болған. Вахитовке 10 ат күші бар Oldsmobile жеңіл машинасы, Жантөринге 18 ат күшіне ие Ford тиесілі еді» дейді тарихшы. 

Сәлімгерей 1889 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетін, сондай-ақ Петербор университетінің заң факультетін тәмамдаған. 1891-1902 жылдары Уфа губерниясындағы Белебей уезінде мировой судья, земство бастығы т.б. қызметтер атқарған. 1905 жылдан саясатпен айналысып, мұсылман қозғалыстарына атсалысқан. 1906 жылы Бірінші мемлекеттік думаның депутаты болған. Уфадағы «Ғалия», «Ғұсмания» медреселерінің құрылтайшысы атанып, қаржысының көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсаған. Сәлімгерей Жантөрин Алаш қайраткерлеріне де жәрдем берген. 

Жаһанша Досмұхамедов 

Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған Алашорданың Батыс бөлімшесі КомУч (Комитет членов Всероссийского Учредительного собрания) ұйымымен одақтастық келісім жасағаны белгілі. Осы келісімнің нәтижесінде КомУч Батыс Алашордаға көмек ретінде автокөлік, қару-жарақ т.б. заттар берген. Жазушы Әнес Сарай жазғандай, КомУч Батыс Алашордаға 2 автомобиль, 2 зеңбірек, 2 мың мылтық, сондай-ақ 37 пулемет берген. Сол екі автокөлік Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедұлына тиесілі болған. Алаштанушы Дәметкен Сүлейменованың жазуынша, Жаһаншаға берілген осы қос машина Жымпитыға жеткен алғашқы автокөлік екен. Екеуі де Mercedes маркалы көлік көрінеді.  

1919 жылы Батыс Алашорданың орталығы Жымпитыдан Қызылқоғаға көшкен. Сол уақытта Mercedes-тің бірі Қызылқоғаға жеткізілген. Екіншісін киізге орап, құжаттармен бірге көмген деседі. Алашорда үкіметі таратылып, билік басына большевиктер келген кезде Батыс Алашордаға тиесілі дүние-мүліктің бәрі тәркіленген. Осы кезде Жаһаншаның Қызылқоғаға апарған көлігін большевиктер алған. Ал жерге көмілді делінетін Жаһаншаның екінші көлігі мен құжаттар әлі күнге дейін табылған жоқ. 

Айта кетейік, Жаһанша Досмұхамедұлы – Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы. Жаһанша 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. 1918 жылғы мамырда Жымпитыда «Ойыл уәлаяты» үкіметін құрып, төрағасы болған. 1918 жылғы қыркүйекте Уфада өткен мәжілісте Ойыл уәлаяты Алашорданың Батыс бөлімшесі болып қайта құрылды. Алашорша үкіметі тараған соң, Жаһанша Ташкентте тұрып ғылыммен, ағартушылықпен айналысты. 1932 жылы Воронежге жер аударылды. 1938 жылы ату жазасына кесілді. 

Жұмабай Шаяхметов пен Дінмұхамед Қонаев 

Совет үкіметі құрылғаннан кейін қазақ жеріндегі автокөліктердің саны артты. Советтік Қазақстан кезінде көлік мінген әрине, бірінші хатшылар болатын. Қазақтан шыққан алғашқы бірінші хатшы Жұмабай Шаяхметов ЗИС-101 лимузинін тізгіндеген. 7 орындық ЗИС-101 жоғары және үкіметтік санаттағы автокөлік саналды. Мұндай көлікті Кеңес одағының басшысы Сталиннің өзі де мінген.  

Шаяхметовтен кейінгі ел басқарған екінші қазақ Дінмұхамед Қонаев та бірнеше көлік мінді. QAZ-Auto журналының жазуынша, Қонаевтың алғашқы автокөлігі ЗИМ болатын (ГАЗ-М12). Бұл көлікті ол алдымен Қазақ Ғылым академиясын, одан кейін Министрлер кеңесін басқарған кезде мінген. Академияда ЗИМ-нің сұр түстісін, Министрлер кеңесін басқарған тұста қара түстісін иеленген. Бұл автокөлік Совет үкіметіндегі ең қымбат лимузин  саналды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бір ЗИМ-нің құнына 2 «Победа» және 1 «Москвич»  алуға болатын. Оны көбіне мемлекет және үкімет басшылары, атақты ғалымдар мінетін. Мұндай көлікті кейін Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов те мінді. 

Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның бірінші хатшысы болған кезде ЗИС-115 лимузинін мінді. Бұл оқ өткізбейтін автокөлік еді. Күллі Совет одағында бұл көлік санаулы ғана (32 дана) болатын. Оны тек одақтас республикалардың бірінші хатшылары ғана мінді. Алайда Қонаев бұл көлігін шетелдік қонақтар келген кезде ғана мінді. Көбіне «Чайка» автокөлігімен жүргенді ұнатты. Бұл да сол уақыттағы оқ өткізбейтін атақты автокөліктің бірі болатын. «Чайка» көлігін министрлер, ғалымдар мінді. Оның да бағасы қымбат болғаны сонша, 1 «Чайка» алуға жұмсалған ақшаға 6 «Волга» алуға болатын. Әрине, Дінмұхамед Қонаев ұзақ жыл ел басқарғандықтан, бұдан да басқа көліктері болды. Біз олардың бастысына ғана тоқталдық. 

Жамбыл Жабаев 

 

Совет уақытында ең атақты адамдар ғылым, мәдениет қайраткерлері болатын. Сол үшін де олар жақсы көлік мінуге лайық еді. Сондай көлік мінгеннің бірі – атақты ақын, жыршы Жамбыл Жабаев. 1936 жылдан бастап мемлекет Жамбылдың бар жағдайын жасады. Алдымен ақынға арнап туған ауылында үй салынды. Сонымен қатар Жамбылға ГАЗ-М1 автомобилін сыйға тартты. Қазіргі уақытта бұл көлік ақынның бұрынғы үйі – Алматы облысындағы Жамбылдың музей кешенінде сақтаулы тұр. 

QAZ-Auto журналы жазғандай, ГАЗ-М1 автомобилі Жамбыл Жабаевқа 1938 жылы берілген. Ол уақытта бұл ең атақты автокөлік саналатын. Атқа мініп үйренген Жамбыл автомобильге отырғанды аса ұната қоймады. Дегенмен жиын-тойларға барғанда осы көлігімен қатынағаны жайлы деректер бар. 

Ықылас РАХМАНҰЛЫ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Ақсай көтерілісінің құрбандары ұмытылмайды
11.07.2025ж. 13:19

Ақсай көтерілісінің құрбандары ұмытылмайды

Ақсай көтерілісінің ерлері – ел жадында
Ол жасанды интеллект бағдарламалары арқылы басқарылады
Электрондық бақылаумен үйқамақ – қоғамнан толық оқшаулауға балама ретінде тиімді шешімге айналған
Баланың қолына қай жастан бастап электронды құрылғыны берген дұрыс 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →