×

Шоқанның ұйғырдан ұрпағы қалған ба? Ғалым туралы ақиқат пен аңыз

Биыл қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл, өмірден өткеніне 160 жыл толды

Шоқанның ұйғырдан ұрпағы қалған ба? Ғалым туралы ақиқат пен аңыз

Биыл қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл, өмірден өткеніне 160 жыл толды. Қазақ сұлтанының өмірден озғанына бір жарым ғасырдан асса да, ел ішінде ол туралы аңыз көп. Атақты адамдардың артынан аңыздың еруі бір жағынан заңды. Алайда соның арасында ақылға сыйымсыз, алыпқашпа әңгімелер де жоқ емес. Шоқан жайындағы кейбір әңгімелердің жиі әрі сенімді айтылатыны сонша, қайсы аңыз, қайсы ақиқат екенін айырудың өзі қиын. Осы орайда Qaz365.kz cондай әңгімелердің бірқатарын електен өткізіп көрді. 

Бала кездегі фотосуреті 

Сонау Кеңес уақытынан бері келе жатқан «Шоқанның бала кездегі фотосы» деген сурет бар. Ол сурет бірнеше кітапқа да басылды, газет-журналдарға да жарияланды. Тіпті Шоқанның музейіне де қойылды. Осыдан оншақты жыл бұрын бірқатар сайттар сол суретті қайта шығарып, «Шоқан Уәлихановтың бала кездегі суреті табылды» ақпарат жариялады. Бұл суреттегі баланың Шоқан екеніне бұрыннан күдігіміз бар еді. Сондықтан аса мән бере қоймадық.  

Алайда кейінгі жылдары осы сурет алдымыздан жиі шығатын болады. Суреттің түсіндірмесінде 1853 жылы Омбыда түсірілгені жазылған. Шоқанның 12 жасынан бастап Омбыда оқығаны рас. Алайда сурет түсірілді деген 1853 жылы Шоқан 18 жаста еді. Ал суреттегі бала тым жас көрінеді.  

Деректерде Омбыдағы алғашқы фотоателье 1855 жылы ашылғаны айтылып жүр. Соған қарағанда сурет 1853 жылы емес, одан кейінгі жылдары түсірілсе керек.  

Жақында бір жиында белгілі қаламгер, шоқантанушы Жарылқап Бейсенбайұлымен кездесіп қалдық, сол кезде осы осы сурет жайында сұраудың орай келе қалды. Ол кісінің айтуынша, бұл сурет фейк екен. «Омбыдағы басқа қазақ балаларының суреті болуы мүмкін. Алайда суреттегі бала Шоқан емес» дейді Жарылқап Бейсенбайұлы. Біз де осы пікірге қосылдық. Бәлкім бұл суретті «Валиханов» деп сақтаған болар. Омбыда кейін Шоқанның бауырлары да оқыды. Солардың бірі болуы мүмкін, алайда Шоқан емес екені ақиқат. 

Шоқанның ұрпағы болуы мүмкін 

«Қашқарда Шоқанның ұрпағы бар болуы мүмкін» деген қауесет оқтын-оқтын айтылады. Тіпті біреулер қызды-қыздымен «Шоқан Қашқар сапарында Гүлім атты ұйғыр қызымен уақытша некелесіпті. Шоқан елге қайтарда Гүлім шығарып салып тұрып: «Келесі келгеніңізде біз сізді екеу болып күтеміз», – депті», – деп жазғандар да жоқ емес.  

Жақында осы тақырыпты «Время» сайты да қозғап, «Кашгарская миссия» деген мақала жариялады. Осы мақалада жазушы Исмаилжан Иминовтің Қашқарияға арнайы экспедициямен барып, Шоқанның табаны тиген жерлерді зиярат еткені айтылады. Сонымен қатар мақалада Исмаилжан Иминовтің: «2014 жылы Үрімжіде жергілікті қазақ, географ ғалымнан қызық бір әңгіме естідім. Ол бізге 2000 жылдардың басында Қашқардан бір қарияның Үрімжідегі Қазақстан консулдығына әкелген сұлу ұйғыр қызды көргенін айтты. Ақсақалдың айтуынша, әлгі қыз Уәлихановтың шөбересі екен. Бұған сену қиын, дәлелдеу одан да қиын, дегенмен қаласа бәрі де мүмкін», – деген пікірін келтіреді.  

Шоқанның Қашқарда ұрпағы қалған деген аңыз бұрын да айтылған. Тіпті осы әңгімеге көз жеткізу үшін жазушы Сәбит Мұқанов Қашқарға барып, сұрастырған да екен. Алайда жел сөз екеніне көз жеткізген. Сәбит Мұқанов осы сапарынан «Қашқар қызы» деген пьеса жазған. Ол шығармасында қашқарлық қызды Шынаргүл деп атаған.  

Шоқанның қауіпті Қашқар сапарына барғанда қашқарлық қызға үйленгені рас. Себебі ол уақытта Қашқардың салты бойынша, сырттан келген мұсылмандар шәукенмен (келіншек) уақытша некелесетін. Шетелдік мұсылман саудагерлер шәукенге үйленіп, оны киіндіруге, асырауға міндетті еді. Сол себепті күдік тудырмас үшін Шоқан да үйленуге мәжбүр болады. Бұл жайында кейін өзі: «Жалпы, тәртіптен шықпау үшін және таныстарымыздың қолқалауымен біздің бұл дәстүрге бағынуымыз керек болды», – деп жазады. Алайда ол әйелі жайлы ешқандай дерек қалдырмаған. Шетелдік саудагерлер мен шәукендерден туған қаны аралас нәсілді қашқарлықтар «шалғұрт» деп атаған. Алайда Шоқанның шалғұрт ұрпағы болды деген мәлімет шындыққа жанаспайды.  

Ұрпағы дегеннен шығады, «Шоқанның Айсарыдан туған баласы бар» деген де қауесет те жиі айтылып жүр. Яғни Шоқан өмірден өткенде Айсарының аяғы ауыр болған екен. Айсары кейін Шоқанның інісі Жақыпқа күйеуге шығып, Мәлік атты ұлды өмірге әкелгені айтылады. Сол Мәлік Шоқанның ұлы екен-міс. Алайда бұл да жаңсақ пікір.   

Шоқан әкесіне жазған соңғы хатында өзінің жарық дүниеден кететінін сезіп: «Жетісуға келіп, бейшара Айсарыны елге алып қайтыңыздар, оны мархабатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз», – деп жазған болатын. Шоқан өмірден өткен соң әкесі Шыңғыс екінші ұлы Жақыпты Алтынемелге жіберіп, Айсарыны алдырады. Сөйтіп ұлының аманатын орындайды. Айсары Сырымбетке Шоқан көз жұмғаннан бір жыл өткеннен кейін ғана жеткен. Кейін әмеңгерлік дәстүрі бойынша Жақыпқа күйеуге тиген. Сөйтіп олардан Мариям, Мәлік, Рабиға туған. Жалпы Жақып үш әйел алған кісі.  

Шоқан өмірін жіті зерттеген академик Әлкей Марғұлан да («Шоқан туралы оның ұрпақтарының жарқын естелігі»), жазушы, шоқантанушы Жарылқап Бейсенбайұлы да («Шоқанның соңғы жылы: Дерек пен долбар») ұрпағы жайлы қауесетті жоққа шығарып, арнаулы мақала жазған болатын. Сол себепті Шоқан өміріне қатысты бұл әңгімені жай ғана аңыз деуге толық негіз бар. 

Ажар деген қызды ұнатқаны 

Әсілінде Шоқанның айттырылған адамы болған. Ол Ахмет сұлтан Жантөриннің Ғазиза деген қызы болатын. Алайда Шоқан ол қызды алудан бас тартқан. Себебі оның басқа сүйген қызы болған-мыс. Сәбит Мұқановтың жазуынша, ол қыздың аты Айша көрінеді. «Шоқан Айшаны құлай сүйіпті» деген әңгімені зерттеушілер де жазып жүр.  

Айшаның әкесі Сырымбеттегі орданың қызметшісі екен. Айшаның өзі де Шоқанның анасы Зейнеп ханымның күтушісі болыпты. Шоқан Қашқардан оралып, Сырымбетте аз күн аялдағанда осы Айша Шоқанның да ас-суын дайындап, қызмет көрсетіпті. Шамасы Шоқан екеуінің арасындағы байланыс сол кезден басталған секілді. Алайда Шоқан мен Айшаның жақын араласуына ата-анасы қарсы болады. Себебі Айшаның да айттырылған адамы бар еді. Сондықтан Зейнеп ханым Айшаны өзінің төркіні Баянауылға көшіріп жібереді. Бұған ашуланған Шоқан қызды іздеп Баянауылға барады. Әңгіме осылай өрби береді. 

Шоқан Уәлиханов 

Академик Әлкей Марғұлан Сырымбетке барғанда Қоқыштың (Шоқанның інісі) баласы Зұбайырдан осы әңгіме жайлы сұрапты. Сонда Зұбайыр мұның өтірік әңгіме екенін айтыпты.  

Әсілінде ол қызға Шоқан емес, Шоқанға қызметші болып жүрген бір жігіт ғашық болыпты. Алайда оның қызға қолы жетпегесін, Шоқаннан көмек сұрапты. Себебі қыздың айттырылған адамы болатын. Шоқанға бұл таныс жай, өзі де айттырылған қызына үйленуден бас тартқан. Сол себепті әлгі қызметші жігітке көмектеспек болады. Сөйтіп Шоқан «күтуші қызға үйленемін» деп жар салады. Ондағы ойы қызды басқа ауылға көшіртіп, әлгі жігітке қосу болатын. Мақсаты ойдағыдай орындалады, Зейнеп қызды Баянауылға көшіреді. Осы кезде Шоқан артынан іздеп барып, малын өзі төлеп, екі жастың басын қосады. Бар болғаны осы, сондықтан Шоқанның Айшаға ғашық болғаны да артынан ерген көп аңыздың бірі ғана. 

Францияға барғаны жайында 

1859-1861 жылдары Шоқан Петерборда тұрып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде, Орыс географиялық қоғамында қызмет еткен. Шығармашылық жұмыстармен айналысқан. Осы кезде Шоқан Францияға баратын делегация құрамына қосылған. Тіпті бұл жайында әкесіне жазған хатында: «Хұда бұйырса, бір айдан кейін Петербордан Парижге шығамын», – деп те жазған. Осы және Врангелдің Достоевский туралы естелігіндегі: «Кейін мен онымен Петерборда және Парижде кездестім», – деген бір ауыз сөзінен басқа Шоқанның Францияға барғаны туралы ешқандай жазба дерек жоқ.  

Әлкей Марғұланның айтуынша, Шоқан Парижге баруға жиналған делегация құрамына кірген. Алайда Парижге барған-бармағаны туралы дерек таба алмаған. Шоқантанушы Жарылқап Бейсенбайұлы «Шоқан. Ерек туған феномен» кітабында: «...Егер Францияға барғаны рас болса, кей деректер әуелден мұрағатқа ұқыпты осынау елдің сол заманға қатысты құжаттарының арасында сақталып қалуы да, иә болмаса Париж баспасөзінің бетіне шығуы да мүмкін ғой. Бәлкім, мұрағаттық мәліметтерді мұқият ақтарып, оған қоса орыс газеттерін парақтаған сияқты, сол айлардағы француз басылымдарын да қарап шықса, бұл жайында бір хабар табылып қалар», – деп жазған екен. Біз осы мақаланы дайындар алдында сол уақыттағы Францияда, Ресейде жарық көрген басылымдарды шолып шықтық. Алайда Шоқанның Парижде болғаны туралы хабарды кезіктіре алмадық. Бәлкім болашақта ақиқаты анықтала жатар. 

Қай жылы қайтыс болған? 

Кейінгі кездері Шоқанның өліміне қатысты да дақпырттар жиі айтылып жүр. Біреулер «Шоқанға у беріп өлтірген» десе, енді біреулер «1865 жылдан кейін де өмір сүрді» дейді. Алайда мұның бәрі де – жалған аңыздар. Шоқанның өкпе дертінен көз жұмғаны анық. Ауыр дерті жайында ол өзінің Колпаковскийге, әкесі Шыңғыс Уәлихановқа жолдаған хаттарында жазған. Потанин, Ядринцев секілді достарының естеліктерінде де бұл тақырып қозғалған. Аталған жазбаларда Шоқанның осы бір дертпен күрескені анық айтылған. Сондықтан «Шоқанға у беріп өлтірген» деуге ешқандай негіз жоқ. Шоқан Уәлиханов 1865 жылғы 10 сәуірде өкпе дертінен, ескіше айтқанда «өкпе құрты» ауруынан, қазіргіше айтқанда туберкулезден қайтыс болған.  

Шоқанның ескі зираты 

(Пантусовтың суреті) 

Ал енді «1865 жылдан кейін де өмір сүрді» деген сөз – Шоқанға емес, оның немере інісі Сұлтанғазыға қатысты айтылған әңгіме. Шоқанның Сұлтанғазы деген немере інісі болған. Уәли ханның Шыңғыс, Ғұбайдолла деген ұлдары болғаны белгілі. Шыңғыстан Шоқан тараса, Ғұбайдолладан Сұлтанғазы тараған. Екеуінің де тегі – Уәлиханов. Тегі де, түрі де ұқсас болғаны үшін көпшілік екеуін шатыстырады. Тіпті екеуінің өмір жолы да ұқсайды. Шоқан секілді Сұлтанғазы да Омбыдағы кадет корпусында оқып, корнет шенін алған. Кейін Шоқан секілді штабс-ротмистр шенін алған. Екеуі бірге Әулиеата жорығына қатысқан. Өмірінің соңында Сұлтанғазы да Алтынемелде тұрақтаған. Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсарыны алса, Сұлтанғазы Айсарының сіңлісі Қарашашқа үйленген. Сұлтанғазы 1903 жылы өмірден өткен. Демек «1865 жылдан кейін де өмір сүрген» Шоқан емес, немере інісі Сұлтанғазы Уәлиханов деп түсінгеніміз әділ болады. 

Ықылас РАХМАН 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ақсай көтерілісінің ерлері – ел жадында
Ол жасанды интеллект бағдарламалары арқылы басқарылады
Электрондық бақылаумен үйқамақ – қоғамнан толық оқшаулауға балама ретінде тиімді шешімге айналған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →