×

Тәуелсіздіктің айқын белгісі болған рәміздер: Қазақстанның алғашқы нық қадамдарының бірі қалай жасалды?

Тәуелсіздіктің айқын белгісі болған рәміздер: Қазақстанның алғашқы нық қадамдарының бірі қалай жасалды?
Коллаж Qaz365.kz

Тарих – тоқтаусыз аққан дария болса, сол дарияның арнасын бұрып, жаңа белес қалыптастырған ұлы сәттер болады. Қазақ халқы үшін сондай тарихи белес – 1991 жылдың желтоқсанында келген Тәуелсіздік еді. Азаттық алған сәттен бастап біздің мемлекеттігіміздің іргесін қалаған, әлемге «Мен қазақпын!» деп жар салған басты құндылықтарымыз – Мемлекеттік рәміздеріміз. Көк Ту, Елтаңба және Әнұран – бұл жай ғана атрибуттар емес, бұл – бабалар қанымен жазылған шежіре, бүгінгі буынның мақтанышы және келер ұрпақтың бойтұмары.

Qaz365.kz редакциясы рәміздеріміздің астарында жатқан терең мағынаны тарқатып айтады. 

Көгілдір Ту: Тектің таңбасы және Еркіндік философиясы

Қазақ аспан түстес көк түсті ежелден қасиетті санаған. Ежелгі Түрік қағанатының байрақтарынан бастау алатын бұл түс – шексіздіктің, тазалықтың және адалдықтың нышаны. 

1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік туын жасауға шамамен 1200 жоба ұсынылды. Солардың арасынан Шәкен Ниязбеков жасаған ту үздік деп танылды. Ресми түрде ту 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді.

Назарларыңызға сол байқаудағы басқа жобаларды ұсынамыз:

Фото: Е. Шаймерденов, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері Тәуелсіздік нышандары»

Шәкен Ниязбеков туды жасағанда қазақтың бүкіл болмысын бір матаның бетіне сыйдыра білді.

Алтын Күн мен Нұрлы Сәуле: Күн – тіршілік атаулының анасы. Оның ортада орналасуы – мемлекеттің бейбітшілік пен жылулыққа негізделгенін білдіреді. Күннен тараған 32 сәуле – елдегі береке мен бірліктің, әрбір азаматтың Отан алдындағы теңдігі мен ынтымағының көрінісі. 

Бүркіт: Қазақ үшін қыран – еркіндік пен батылдықтың символы. Ол ешқашан бағынышты болмайды, ол тек биіктікті, асқар шыңдарды сүйеді. Тудағы қыранның бейнесі – жас мемлекеттің әлемдік өркениет көшінде қанатын кеңге жайып, еркін самғауын, көрегендігі мен күш-қуатын айғақтайды.

Ұлттық өрнек – Тарихи жады: Тудың сабының тұсындағы «қошқар мүйіз» өрнегі – біздің мәдениетіміздің визиткасы. Бұл – біздің көшпелілер өркениетінің заңды мұрагері екенімізді, өнеріміз бен болмысымыздың тамыры тым тереңде екенін паш етеді.

Геральдист Ербол Шаймерденовтің «Қазақстан Республикасының Мемлекетті рәміздері Тәуелсіздік нышандары» атты кітабында тудың авторы Шәкен Ниязбековтің мынадай сөздері берілген:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы тәуелсіздіктің, бостандық пен егемендіктің белгісі. Ол ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының сол жақ тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Көгілдір түс бүкіл бейбіт ашық аспанның ортақ береке, тыныштық, бейбітшілік пен бірліктің көрінісі іспеттес. Күн – байлық пен молшылықтың, ал оның шуақ шашқан нұрлы сәулелері, гүлденудің, береке-байлықтың нышаны. Қанатын кеңге жайған қыран бейнесі билікті, көрегендікті, кең пейілді білдіріп, халықтың бақытқа, жақсылыққа ұмтылысын бейнелейді. Ұлттық «Қошқар мүйіз» өрнекті тік жолақ егемен Қазақстан халқының ұлттық дәстүрлерімен терең тамырластығын танытады», — деген еді ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Фото: 1992 жыл, Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекеттік Туға тағызым етіп тұрған сәті

Мемлекеттік Елтаңба: Шаңырақ астындағы достық пен кие

Қазақстанның елтаңбасы да тәуелсіздік символы ретінде 1992 жылы бекітілді. Елтаңба – мемлекеттің мөрі, оның философиялық мазмұны. Сәулетшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков жасаған бұл туындыда сәулет өнері мен ұлттық идеология мінсіз ұштасқан. Айта кету керек, Таңба қазақ халқының тарихында ежелгі ғасырлардан бері келе жатыр. Ең көне алғашқы жазуларға жататын біздің заманымыздан бұрынғы V—VIII ғасырларға жататын Күлтегін, Тоныкөк жазбалары соның дәлелі. Ежелгі руна жазуының әрқайсысы таңба болған. Әрбір рудың өз таңбасы болды. Кейінгі Қазақ хандығында да өзіндік таңба болатын мөрлер болған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері Тәуелсіздік нышандары» атты кітапта осы жайлы былай деп жазылған:

 «XVI – ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ қоғамында жоғарғы билік ерте кездегі атрибуттарының бірі ретінде мөрлер ежелден белгілі таңбалар қолданылды. Олар әмбебап атрибуттар болып қалды және халықтың өмір сүру жағдайымен үйлесім тапты. Таңба байрақ пен тудың да маңызды элементтерінің бірі болды. Таңба ретінде көшпенділер үшін маңызды нышан немесе зат – күн, ошақ, шаңырақ, күнделікті пайда-ланылатын заттардың бейнелері пайдаланылды». 

Дәл осы кітапта елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихановтың мынадай сөзі берілген:

«Елтаңба жасағанда біз адами рухты және ойды биік қоя отырып, қазақтың «Шаңырағың берік болсын!» деген ақ ниетінің терең мағынасын ескердік. Қанатты-мүйізді пырақтар бейнесін қазақтардың арғы ата-бабасы болып есептелетін сақ жауынгері — «Алтын адамның» бас киіміндегі атрибуттардан алынды».

Байқауға ұсынылған басқа Елтңбалардың жобасы: 

Фото: Е. Шаймерденов, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері Тәуелсіздік нышандары»

Ал енді Елтаңбадағы белгілердің мәніне зер салсақ…

Шаңырақ – Ортақ үйіміз: Елтаңбаның қақ ортасында орналасқан Шаңырақ – отбасының, елдің, әлемнің символы. Қазақ үшін шаңырақтың биік болуы – мемлекеттің мықтылығы. Одан жан-жаққа тараған уықтар – Қазақстанды мекен еткен жүзден астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астындағы татулығын, достығын және бірлігін білдіреді. Бұл – «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген аталы сөздің басты дәлелі.

Қанатты Пырақтар: Аңыздардағы тұлпарлар – уақыт пен кеңістікті бағындырушылар. Пырақтардың мүйізіндегі жеті буын – жеті атасын білген текті халықтың тарихын, ал қанаттары – болашаққа деген құлшынысты білдіреді. Олар мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп тұрған айбынды күзетшілер іспеттес.

Бес бұрышты Жұлдыз: Бұл идеологиялық белгі емес, бұл – «Жұлдызың жоғары болсын» деген игі тілек. Ол әрбір азаматтың бойындағы асқақ арман мен мемлекеттің алдына қойған биік мақсаттарының символы.
 

Рухты асқақтатқан Әнұран

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін және Кеңес өкіметі орнаған жылдары Қазақстанда барлық ресми шараларда пролетарлардың халықаралық гимні – «Интернационал» шырқалды. 1922 жылы КСРО құрылған соң ол одақтың ресми гимніне айналып, 1944 жылға дейін сол мәртебеде қалды. Кейін БКП(б) Орталық Комитетінің саяси бюросының қаулысымен жаңа Кеңес гимні қабылданды: музыкасын А. Александров, сөзін дәуірдің әйгілі ақындары С. Михалков пен Г. Эль-Регистан жазды. Кеңес одағының жалпыодақтық гимнінен бөлек, әрбір республикада өз сазды символдары болды. 1943 жылдың соңында Қазақ КСР-ның тұңғыш мемлекеттік гимнін жасауға конкурс жарияланып, мәтініне Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев және Қ. Мұхамедхановтың өлеңдері таңдалды. Музыкасын сол заманның үздік сазгерлері – М. Төлебаев, Е. Брусиловский және Л. Хамиди жазды. Бұл ән қырық сегіз жыл бойы Қазақ КСР-ның гимні қызметін атқарды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған соң жаңа тарихи жағдайларға сай, елдің еркіндігі мен егемендігін бейнелейтін дербес Әнұран қабылдау мәселесі туындады. 1992 жылдың басында әнұранға конкурс жарияланып, 250-ден астам жоба келді. Талқылау барысында қазақстандықтар бұрынғы гимннің музыкасын сақтау қажеттігін айтты. Соңында көрнекті ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және жас ақын Жадыра Дәрібаева шығармалары жеңіске жетті. 2006 жылы Қазақстанда жаңа әнұран қабылдау мәселесі көтерілді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов жазған «Менің Қазақстаным» халық әнұранына айналып, әр буынның сүйікті әніне айналған еді. Кейін Назарбаев ән мәтініндегі түпнұсқа шумақтарды өзгертті.

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік әнұраны – «Менің Қазақстаным» тек отандастардың жүрегінде ғана емес, халықаралық аренада да орындалып жатыр. Мемлекеттік және мәдени іс-шараларда, шетелдік кездесулерде Қазақстанның тәуелсіздігін, бірлігін және рухын паш етеді.

Айта кетейік, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң – қазіргі Қазақстанның «туу туралы куәлігі». Бұл құжат біздің мемлекетіміздің құқықтық негізін ғана қалап қойған жоқ, ол сан ғасыр бойы отаршылдық бұғауында болған халықтың еңсесін тіктеді. Бұл Заңның негізінде еліміздің шекарасы халықаралық деңгейде бекітілді, мемлекеттік билік тармақтары (заң шығарушы, атқарушы, сот) айқындалды, жеке азаматтық пен дербес экономикалық жүйе құрылды, өз Қарулы Күштеріміз бен ұлттық қауіпсіздік жүйеміз жасақталды. Бұрынғы кеңестік жүйедегі жат белгілерден бас тартып, 1992 жылы өз рәміздерімізді қабылдау – қазақ рухының оянуы еді. 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

12 адам бас қосқан Solaqailar атты әдебиет және өнер клубында драмматург, режиссер, жазушылар және ақындар бар
Қыздардың білім алуына кертартпа қоғам тосқауыл болған заманда оқу оқып, ағартушы бола алған қайраткерлер

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →