×

Астана: Ойылған қысыңыз – ОСЫ

2023 жылдың 15-18 сәуірі арасында қазақ даласының солтүстік аймағының және онымен іргелес орталық және шығыс өңірінің ауа райы халықты біраз әбігерге салды

Астана: Ойылған қысыңыз – ОСЫ
коллаж Qaz365.kz

ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ҰМЫТПА

Айдарды белгілі журналист Қайнар Олжай жүргізеді

2023 жылдың 15-18 сәуірі арасында қазақ даласының солтүстік аймағының және онымен іргелес орталық және шығыс өңірінің ауа райы халықты біраз әбігерге салды. Бұл жақта үш күн толассыз жауып, тізеден келген қар мен жайма-шуақты оңтүстік өңірдегі қарысқа жеткен көк шалғын, қызыл кілемдей құлпырған қызғалдақ қатар  бейнеленген фотолар мен мәтіндер әлеуметтік желіні толтырды. Керемет контраст десті.

Басты айтылатыны – қазақ даласының далиып жатқаны. Бір жағының табиғаты жазға жақындап қалса, екінші жағына тура қыстың оралғаны. Фотоларды көргенмен, мәтіндерді оқығанмен одан пәлендей жаңалық таппадық. Мұны жарты ғасыр бұрын, біз қазақ поэзиясын құмарта оқыған шақта Тұманбай Молдағалиев жырлап кеткен:

Қостанайдың даласын боран билеп тұрғанда

Ақмешітте алма ағаш ашып жатыр ақ гүлін.

Қазір бәрі де жазады, бірақ ешкім ақыннан артық жаза алмас-ау.

Сонымен Қостанайдың даласы мен Ақмоланың қаласын әбігер еткен табиғат құбылысына оралайық. Оны байырғы қазақ қалай деген?

Әлеуметтік желідегі жедел жазғыштар бастапқыда «бесқонақ» деп шуласты. Сонынан сәл де болса көненің сөзі мен дағдысын есте сақтағандар «жоқ, бұл «бесқонақ» емес» деп қарсылық білдірді.

Біздің пайымдауымызша, «бесқонақ» аталатын табиғат құбылысы бір ай бұрын өткен. Ол наурыздың ортасы ауа көктемге дайындалып жатқан жұртты әбігер еткен.

Мынау – сәуір айының ортасы ауғандағы ауа райының бұзылғаны. Қазақ поэзиясымен жақсы таныс адамға бұл да әлеуметтік желінің желөкпелері таңдайын қағып жатқандай жаңалық емес. Мұқағали ақын ежелдің ерте күні өлең еткен:

Бірде жауын, бірде қарға айналып,

Сәуір айы малшыға қағынып тұр.

Ендеше, сәуірдің ортасы ауғанда қырдың малшысына да, қаланың жүргіншісіне де қағынып келген солтүстіктегі қалың қар, оңтүстіктегі алдымен жауын болып, артынан қырбықтаған жұқа қар бұған дейін сан мәрте жауған. Ақындар әлдеқашан өлеңге өріп қойған.

Хош, ақындарға өлең жауғызған табиғаттың бұл құбылысын ежелде қалай атаған? Ата-әжеден естігеніміз бар, қалғанын әдебиеттен түгендегенміз бар, біздіңше: бұл – қазақтың отамалысы. Сол амалдың шығар шағы.

Әдебиеттен дейтініміз – отамалыға «Абай жолы» эпопеясында жас балаға әженің аузымен түсінік берілген. Ауызға шайнап салмайық, керек болса оқып алуға болады. Әлде Әуезовтен шабыттанды, әлде бала кезінде бөлек естіді, оны кім білген, әйтеуір бұл амалды жалшының атына байланыстырып Тобық Жармағанбетов ғажап шығарма еткен. Өзі жеке естісе, онда екі мың шақырым аралықтағы екі аңыздың өзегінде ортақ оқиғаның жатуы – қазақ елінің тұтастығына тағы бір мысал.

Сонымен Қостанай мен Қарағандының арасын әуреге салған табиғаттың бұл құбылысы – отамалы. Әуезовте «Отамалы – ойылған қыс» деген ежелгі сөз келтірілген. Ең дәл пайым. Әлдеқашан даладан кетіп қалған қысты ойып алып қайта үш-төрт күнге қайта орната салғандай. Бар болғаны – осы.

Мұның сананы сарсаңға салғаны ештеңе емес, тіршілікті бірер күнге баршаны қинап жіберетіні ауырлау.

 

Қайнар ОЛЖАЙ

18 сәуір 2023 жыл.        

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Уақыт белдеуінің ауысуына қалай бейімделуге болады
Ұлттық қордан балаларға берілетін ақшаны есептеу қалай жүзеге асады?

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →