2017-2018 жылдары ол Қазақстанда заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған
Құқық қорғау органдары адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйелді ұстады,
деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz- ке сілтеме жасап.
“ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады. Ол Қазақстан құқық қорғау органдары тарапынан 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Ұсталған азамат адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған” – делінген полиция ақпаратында.
Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.