Осындай құқық бұзушылықтар басқа әскери ведомстволардан да анықталу үстінде
Ұлттық ұланның 400-ден астам әскери қызметшісінің құқықтары бұзылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің мүгедектігі бар балаларының тұрғын үй құқықтарының сақталуына талдау жүргізді. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңның 14-бабына және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75, 101-2-баптарына сәйкес мүгедек балалары бар әскери қызметшілер қосымша тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерін алу құқығына ие екендігі анықталды. Алайда аталған әскери ведомствоның мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 400-ден астам әскери қызметшілері тиісті төлемдерді алмаған. Бас әскери прокуратура Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығымен бірлесіп, прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша қалыптасқан жағдайдың себептері жойылды. Жеке кұраммен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әскери қызметшілердің отбасы кұрамында мүгедектігі бар балалардың болуы міндетті түрде көрсете отырып, баянаттар беру тәртібі өзгертілді”, – делінген әскери прокуратура хабарламасында.
Қазіргі уақытта тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу жүргізілуде. Осындай құқық бұзушылықтар басқа әскери ведомстволардан да анықталу үстінде.