Шара жасөспірімдерді құқықтық сауаттылыққа баулу мақсатында өтті
Астанада мектеп оқушыларына заңды түсіндіріп, жауапкершілік жүктеудің ерекше тәсілі табылды. Қала прокуратурасы мен әкімдік ұйымдастырған «Заң және балалар: қателіксіз келешек» байқауында оқушылар заң тақырыбында сахналық қойылымдар қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында өткен шарада қала аудандарынан жиналған командалар заңды сақтау, құқық бұзушылықтың салдары және жауапкершілік тақырыбында өнер көрсетті.
Құқықтық тәрбие: сахнадан өмірге
Біреу үшін сахна – арман, енді біреу үшін – кәсіби алаң. Бірақ бұл жолы оқушылар үшін сахна заңды түсіндіру құралына айналды. Әлеуметтік тақырыптағы қойылымдарда балалар қоғамдағы өзекті мәселелерді, заңға бағынудың маңызын көрермендерге шынайы жеткізді.
Байқауға қатысушылардың өнерін қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Бас прокуратура, Оқу-ағарту министрлігі, Әйелдер істері жөніндегі комиссия өкілдері, театрдың танымал қайраткерлері және журналистер болды.
Сайыс нәтижесі
Мектеп қабырғасынан бастап заңды түсіндіріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – болашақтағы тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі. Ал бұл жолғы байқау – балалардың заңды жаттанды сөздермен емес, өз көзқарасы арқылы түсініп, қабылдауына жол ашты.
Жеңімпаз ретінде №17 мектеп командасы танылды. Олардың қойылымы режиссурасы, актерлік шеберлігі және мазмұны үшін жоғары бағаланды. Қалған қатысушылар сертификаттар мен естелік сыйлықтар алды.
«Бүгінгі “Заң және тәртіп” аясында өткен іс-шара өте маңызды және тәрбиелік мәні жоғары болды. Біз, мектеп оқушылары, заң туралы көбірек біліп, өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді жақсырақ түсіндік. Басқа мектеп оқушыларының көрсеткен көріністері өте мазмұнды және танымдық болды. Мұндай тәжірибе алмасу бізге үлкен пайдасын тигізді. Барлық ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіреміз», – дейді шараға қатысқан №97 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы, мектеп омбудсмені Саида Аяғанова.
Ал №97 мектеп-гимназияның президенті Ирада Сапарова қойылымдардың мазмұны мен оқушылардың өнеріне тәнті болғанын жасырмады.
«Аталмыш шара өте қызықты өтті. Қатысушы мектептердің сахналық қойылымдары өзекті тақырыптарды қамтып, оқушылардың шебер ойынын көрсетті. Мамбетова атындағы театр актерлерінің орындауындағы көріністер көрермендерге шабыт сыйлады. Біздің мектептің оқушыларының да ойыны мен бейнеролигі жоғары бағаланды», – дейді Ирада.
Бұл шара тек сахналық қойылым ғана емес, жасөспірімдерді құқықтық сауаттылыққа баулу құралына айналды. Құқық пен жауапкершілік – қағаздағы жазба ғана емес, өмірлік қағида екенін оқушылар сахнада түсінді.