Қаскелең орманшылығы аумағында орналасқан 3 гектар жер жекеге жалға берілген
Алматы облысында туристік жерді жосықсыз жалға алушы Ұлттық парктегі учаскесінен айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.
“Алматы облысының прокуратурасы мемлекеттік ұлттық парктің бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. 2010 жылы Ұлттық парк ЖШС-ке Қаскелең орманшылығы аумағында орналасқан туристік және рекреациялық мақсаттар үшін 49 жыл мерзімге ауданы 3 га учаскені жалға берді. Алайда жалға алушы шартта көзделген міндеттемелерді орындамады. Осыған байланысты ұлттық парк жалдау шартын бұзу туралы сотқа талап қоюмен жүгінді, бірақ бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Прокуратураның уақтылы араласуының арқасында сот шешімі апелляциялық сатымен жойылды. Жоғары тұрған сот ЖШС шарттық талаптарды тиісінше орындамағанын атап өтті”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұлттық парктің жерлері мемлекеттік пайдалануға қайтарылды.