Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша қамауға алынған
Былтыр қарашада ауыл шаруашылығы саласында қоғамдық белсенді, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай қамауға алынған еді. Қазіргі кезде оның үстінен тағы да басқа іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz
Бұл мәліметті Мәжіліс кулуарында журналистерге қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
Негізі қай істі қай орган тергейтіні туралы шешімді прокуратура құзырлы орган ретінде қабылдайды. Оларда соған қатысты (Алмасбек Садырбайға – ред.) басқа қылмыстық істер болған. Сол себепті біздің қылмыстық істі соларға қосты. Үкіметтің органдары бір адамның үстінен жеке-жеке қылмыстық істі тергемейді ғой. Сол себептен олардың бір органда болсын деп, біздегі істі қысқартып, өздері тергеп жатыр. Бізде болған кезде Қылмыстық кодекстің 189-бап болатын. Ал прокуратура тарапынан қандай бап екенін білмеймін, - дейді Жеңіс Елемесов.
Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, Алмасбек Садырбайдың «аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін» хабарлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында «жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды» деген күдікке ілінген. Ресми орган «1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланғаны» жөнінде ақпарат таратқан.