Сарысу ауданында әлеуметтік осал санаттағы 197 азаматтың құқықтары бұзылған
Жамбыл облысы Сарысу ауданында әлеуметтік осал топтағы 197 азаматтың құқықтары бұзылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.
“Сарысу ауданының прокуратурасы әлеуметтік осал топтарға берілген 184 пәтер бойынша жалдау ақысын есептеу кезінде заң бұзушылықтарды анықтады. Жалдау ақысы негізсіз есептелгені, бұл 668 447 теңгеге артық төлемге әкелгені анықталды. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде жалдау ақысы қайта есептелінді. Осылайша, прокуратура әлеуметтік осал санаттағы 197 азаматтың құқықтарын қорғады”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, аудан прокуратурасының араласуымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 кәмелетке толмағанға тұрғын үй беріліп, тағы бір жетім бала тұрғын үй алу кезегіне қойылған.