5 облыс пен бір қаладан қылмыстық топтың 20 мүшесі құрықталған
Еліміздегі 5 облыста қызмет жасайтын күзет мекемесі қарулы қылмыспен айналысатын болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Алматы қаласында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топқа қатысы бар жеке күзет мекемесінің заңсыз әрекетін әшкерелеп, жолын кесті. Тергеу барысында қылмыстық элементтердің шағын және орта бизнес нысандарын толық бақылауға алу мақсатында ойын-сауық орындарының басшылары мен қызметкерлеріне физикалық және моральдық қысым көрсетіп, заңсыз әрекеттер жасағаны анықталды. Кейіннен олар кәсіпкерлік нысандарын күшпен басып алып, сол жерлерде "қауіпсіздік" қызметін жүзеге асырған. Қылмыстық топ мүшелері Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталды. Барлығы қылмыстық топтың 20 мүшесі құрықталды. 40-тан астам тінту жүргізіліп, жеті атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде үш кесілген мылтық, Макаров тапаншасы, Калашников автоматы және 100-ден астам оқ-дәрі алынды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта, бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, өз бетінше билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық істер тергелуде. Топтың жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Фигуранттардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.